Пікірсайыстық қозғалысты жаңғырту туралы

Білім және ғылым министрі Аймағамбетов А.Қ. білім беру ұйымдарында пікірсайыстық қозғалысты жаңғырту қажеттігі туралы ой айтты. «Пікірсайыс» («Дебаты») бағдарламасы Қазақстанда 1996 жылы енгізіліп, жаттықтырушыларды оқыту Карл Поппердің нысаны бойынша жүзеге асырылған болатын. Алматы облысында пікірсайысты дамытқан Гауфария Ахметова. Пікірсайыс клубтары біздің облыстың барлық ауданында дерлік жұмыс жасап, пікірсайыс технологиясы тарих және әдебиет пәндерінде қолданылған болатын.

Пікірсайыс – бұл өз ұстанымыңды құрып қорғауды, логикалық ойлауды ғана емес, күрделі мәселелерді шешуге қол жеткізуді, өзіңді қарсыласыңның орнына қоюды, кез келген жағдайды жан-жақты зерделеуді және идеялар бәсекелестігінің бағалығын көре білуді үйрену.

Пікірсайыстық білім беру технологиясын оқу үрдісінде қолдану білімге деген тұрақты қызығушылықтың қалыптасуына ықпал етеді, себебі, оқу материалының оқушының жеке басы үшін маңыздылығы қамтамасыз етіледі, жарыс элементінің болуы шығармашылық, ізденушілік жұмысқа ынталандырады. Бұл бағдарламаның негізінде сыни тұрғыдан ойлау мен шығармашылық әдістеме жатыр. Білім берудің жаңартылған мазмұнының аясында пәнаралық интеграция жүзеге асырылады, сондықтан, пікірсайыс – мәселенің шешімін табудың тиімді, баланың жеке басының ерекшеліктеріне сай келетін ізденісті қамтамасыз етуді қалыптастыратын жұмыс түрінің бірі, оқушыларда жетістікке жетуге деген ұмтылыс қалыптастырады.

Ажикенова Г.С., Алматы облысының

білім саласында сапаны қамтамасыз

ету департаментінің білім сапасын

сырттай бағалау бөлімінің басшысы