ТЫЛСЫМ ТАБИҒАТҚА САЯХАТ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты Жолдауы аясында туған елдің табиғатын, елін-жерін, мәдени мұралары мен тарихын сүйетін жастарды тәрбиелеу мақсатында Т.Рүстембеков атындағы орта мектептің ұстаздарының еңбектері жетерлік.

Атап айтсақ, қыркүйек айының соңғы күні 7 мен 8 сынып оқушыларының сынып жетекшісі М.Байбатшаева мен педагог-ұйымдастырушы А.Карипованың бастамасымен оқушыларды Кербұлақ ауданы  Басши ауылындағы «Алтынемел» ұлттық паркіне экскурсияға барып қайтты.

Айғайқұм – туристердің көп жиналатын жерлерінің бірі. Оның шығысында Үлкен Қалқан деп аталатын тау, оңтүстігінде Іле өзені ағып жатыр. Бір ғажабы Қалқан тауынан соғатын желдің бағыты үнемі өзгеріп отырады да, құм түйіршіктерінен үлкен жота пайда болады. Құмның тазалығы сонша, тіпті киімге де шаң жұқпайды. Айғайқұмның бір ерекшелігі желдің кесірінен құм қозғалысқа келеді де, сырнайдан шыққан сазды әуенге ұқсас үн шығарады.

Саяхат барысында та-биғаттың тылсым күші байқалатын орын екендігіне көзіміз жетті. Біздер экскурсияға барған  кезде Ресей, Корей және Африка елдерінен келген туристерді көрдік. Олар тасты, далалы жерде құмды барқандардың болуы табиғатқа сәйкес еместігін айтып, таң-тамаша болуда.

Айғайқұм туралы ел арасында барқанның ішінде қара ниетті адамның жаны қысылып жатыр десе, кейбіреулері дуаланған сұлу қыз жатыр деп айтады. Қалай айтсақ та, құмды таудың ауа райы ашық күндері де дыбыс шығаратыны ғалымдар үшін жұмбақ дүние. Бұл болашақтың еншісінде әлі де зерттеуді қажет ететін дүние екендігі белгілі.

Оқушылардың көңіл-күйі тамаша, әрқайсының  жүрегінде табиғаттың  тылсым дүниесі мен оған деген сүйіспеншіліктерінің оянғанын көруге болады. Адам мен табиғаттың егіздігін осыдан байқаймыз.

М. БАЙБАТШАЕВА,

Т.Рүстембеков атындағы орта мектебі.