ТҰҒЫРЫ БИІК ТҰЛҒА

«Адам адамға үлгі берер, ағаш ағашқа гүлін берер» демекші, тірлігінде тек ел қамы ойландырып, туған жер тағдыры толғандырған халқының маңдайына біткен азаматтары мәңгі елінің жадында сақталады. Солардың бірі әрі бірегейі, заманы тудырған нар тұлғалы, тағдыры тағылым болар, ісінен үлгі-өнеге алар, халқының ірі мінезді перзенттерінің бірі, еңбегімен ел құрметіне бөленген, дала академигі, Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері – Нұрмолда Алдабергенов

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп атап көрсеткендей, қиын-қыстау күндерде еліне сая болып, бар күш-жігерін халық мүддесіне арнаған елінің біртуар ұлдарының бірі, тұғыры биік тұлға Н. Алдабергеновтың өнегелі істері мен ғибратты ғұмыры бүгінгі ұрпақ үшін аңыздай.
Н. Алдабергенов 1906 жылы 20 желтоқсанда Кербұлақ ауданындағы бұрынғы Қапал уезіне қарасты Малайсары ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте жетім қалған бала Нұрмолданың адал, аса еңбекқор, жан-дүниесі таза адам болып қалыптасуына әжесі Ақтолыс апаның әсері ерекше болады.
Н. Алдабергеновтың еңбек жолы 1929-1930 жылдардағы Түркістан – Сібір темір жол құрылысына қатысудан басталады. Осыдан кейін 1930 жылы жаңадан құрылған «Жаңаталап» колхозына мүше болып кіріп, еңбек етеді. 1936 жылы еңбекқорлығымен, қайраттылығымен елді ұйымдастыра білген Н. Алдабергеновті колхозшылар бірауыздан басқарманың төрағасы етіп сайлайды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, Н. Алдабергенов колхоз ер-азаматтарымен бірге майданға аттанады. 1944 жылы қазан айында ол Шауляй Солтүстік батыс майданында Кеңес Одағының маршалы Иосив Виссарионович Сталиннің бұйрығы бойынша ерлігі үшін мақтау грамотасымен марапатталады.
Жеңіс туын желбіретіп майданнан еліне аман-есен оралған ол өзі соғысқа дейін басқарған шаруашылық тізгінін қайта ұстады. Колхоз мүшелерін еңбекке жұмылдырып, күш біріктіріп, бірлесіп істеген жұмыс береке-құтқа айналды. Егіс көлемі артып, мал басы көбейіп, әсіресе қант қызылшасының өнімі артты. 1948 жылы алты еңбеккер, соның ішінде Н. Алдабергенов Социалистік Еңбек Ері атанып, «Алтын жұлдыз» иегері болды. 1950 жылы колхозды ірілендіру туралы қаулы шығып, «Жаңалық», «Қызыл ту», «Жаңаталап» артельдері біріктіріліп «Сталин атындағы колхоз» болып құрылды. Колхоз председателі болып Н. Алдабергенов сайланды. Ол жұмысшыларды еңбекке жұмылдыра отырып, колхоз
құрылысын өркендетіп, экономикасын нығайтуға бар күш-жігерін жұмсады. Н. Алдабергеновтің басшылығымен колхозда мектеп-интернаты, екі қабатты Мәдениет үйі, сәулетті тұрғын үйлер мен аурухана ғимараты бой көтерді. Сонымен қатар ол Жетісу жерінде тұңғыш су электр стансасын салдырып, колхозды электр жарығымен қамтамасыз етті. Ерен
ер еңбекшілерді еңбекке баулып қана қоймай, көркем-өнерпаздар үйірмесін құрып, ел ішіндегі тума таланттардың басын біріктіріп «Халық театрын» құрды. Халық театры тек қана колхоз бойынша емес, республика тіпті шет елдерге барып, өз өнерлерін көрсетті. Театр жұмыс істеген жылдарында 2 дүркін бүкілодақтық фестивальдың, 8 дүркін республикалық байқаудың және бірнеше рет облыстық фестивальдің лауреаты болды.
Колхозды басқарған осы жылдары Н. Алдабергенов колхоз өндірісінің ірі ұйымдастырушы, ауыл шаруашылығының білгір басшысы ретінде танылды. Өндіріс көлемі өркендеп, өрлей бастады. Қант қызылшасын өсіру шаруашылық даңқын асырып, бүкіл әлемге әйгілі етті. Нәтижесінде 1958 жылы Н. Алдабергенов екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағын алып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланды, сонымен қатар оған
«Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының еңбек сіңірген шебері» атақтары беріліп, екі мәрте Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту ордені, КСРО Бүкілодақтық Халық шаруашылығы көрмесінің үлкен Алтын және бес кіші қола медальдарымен марапатталды. Еңбек ері колхозды 1961 жылға дейін басқарды. Осы жылдар аралығында ауыл шаруашылығын өркендетудегі табыстары үшін колхоздың 180 мүшесі Кеңес Одағының орден, медальдарымен марапатталып, колхоздан 15 Социалистік Еңбек Ері шықты.
1962-1964 жылдар аралығында ол Еркін ауылдық Кеңесінің төрағасы, кейін Киров ауданындағы артта қалған Карл Маркс атындағы колхозға басшылық етіп, қысқа мерзім ішінде колхоздың экономикасын көтеріп, оны озаттар қатарына алып шықты. Н. Алдабергенов қоғамдық жұмысты колхоз өндірісімен айтарлықтай дәрежеде ұштастырып отырды. Ол Кеңес Одағы Коммунистік партиясының ХХ съезіне, Қазақстан компартиясының VІІ, VІІІ, ХІІ съездеріне делегат болып қатысты. 1967 жылы шет елдермен достық және мәдени байланыс жөніндегі Кеңестік қоғамның екінші Бүкілодақтық конференциясына соңғы рет делегат болып қатысты, сол жылдың қараша айында халқының дара тұлғасы
дүниеден өтті.
Аты аңызға айналған ер өзінің ғибратты ғұмырында республикаға әйгілі халқымыздың дара тұлғаларымен достық қарым-қатынаста болды. Ол сырлас болған адамдар арасында атақты
ақындар мен жазушылар да бар. Олардың көбісі Н. Алдабергенов туралы кітаптар жазып, оның іскерлік адамгершілік қасиеттерін көпке паш етті. Қазақтың көрнекті жазушысы С. Мұқанов «Нұрмолда Алдабергенов туралы аңыз» поэмасын жазса, Ұзақбай Доспанбетов
«Шың мен шыңырау» романын жарыққа шығарды.
Ұрпақтар ұмытпайтын ғажап атын,
Нұрмолда Нұрға шомған азаматым.
Бұл күнде елің саған бас иеді,
Еңбекпен асқақ еткен қазақ атын! – деп Н. Алдабергеновтің еңбектегі шәкірті, Қазақ ССР-нің мал шаруашылығына еңбек сіңірген шебері Шайбала Тергеуова толғағандай, еңбегімен ел құрметіне бөленген ер есімін ұлықтау бүгінгі ұрпақ парызы.
Осыған орай 20 желтоқсан Еңбек Ерінің туған күніне орай Н. Алдабергеновтің мемориалды музейі, Алдабергенов ауылдық округінің мекеме ұжымдары және ауыл тұрғындарының қатысуымен Еңбек Ерінің рухына құрмет көрсетіліп, ауыл орталығында орналасқан «Батырлар аллеясы» және Көксу ауданы Мұқыры ауылының маңында орналасқан Еңбек Ерінің зират-кесенесіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді. Сонымен қатар қонақтарға Н. Алдабергеновтің мемориалды музей залдары бойынша тегін экскурсия жүргізіліп, тұғыры биік тұлға, елі мен жерін ерекше қадірлеп сүйген ерен ердің ұлағатты өмірінен сыр шертетін естеліктер айтылды.

Г. БАҚАДЖАНОВА,
Н. Алдабергеновтің мемориалды
музейінің экскурсия жүргізушісі.