ТӘУЕЛСІЗДІК — ҰЛТТЫҚ ТІЛДІҢ ТІРЕГІ

Тәуелсіздік – тәңірдің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

16 желтоқсан – тарихы тереңде жатқан еліміздің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі.
Тәуелсіздік үшін ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен елін жаудан қорғаған бабалар рухынан қуат алған, ызғарлы Желтоқсан оқиғасы қазақ халқының қасіреті де, қасиеті де жетерлік тарихына айналды.
Иә, Желтоқсан оқиғасы қаншама ызғарлы естілсе де, жанымызға нұр септі. Желтоқсан жаңғырығы елімізге Тәуелсіздіктің жарық таңын әкелді. Міне, биыл Қазақ елі тәңірі берген Тәуелсіздігінің, арайлы азаттығының жиырма тоғызыншы жылына қадам басып отыр.
Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салтсананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы. Біз – бақытты ұрпақпыз… Себебі, атабабамыз көрген шапқыншылықты, табаны тілім-тілім болған босқыншылықты, бір түйір дәнге зәру болған
аштықты, талай боздақтың жанын, жақынын алған сұм соғысты мына біздер, жас ұрпақ көргеніміз жоқ. Бейбіт өмірмен қатар, аталарымыз армандаған, өз қолы жетпесе де келер ұрпағы үшін күрескен, қазып қалсаң асты қазынаға толы кең-байтақ жерді, бай тілді, тәрбиеге тұнып тұрған салт-дәстүрді, ең бастысы, тәуелсіздіктің тәтті дәмін татып жатқан жарқын ұрпақпыз.
Еңсемізді тіктеп, егемен ел атанып, өз алдына отау тігіп дербес мемлекет атанған Қазақстан
қаншама қиындықтарды бастан кешсе де тастай берік төзімділіктің арқасында, күллі әлемге өзінің өршіл үнін, өркениетке деген үмітін мойындатты…
Ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұланғайыр атамекен жеріміз, отарлық жоя алмаған тіліміз, мәдениетіміз тек қана қазақтың рухының күштілігімен сақталып келеді. Бабалар салған сара жолмен жүріп, егемен елімізді дамытып, көк туымызды желбірететін жас ұрпақтарымыз аман болсын!
«Отан отбасынан басталады», – деп дана халқымыз айтқандай, жас ұрпақтарымызды ел қорғайтын батыр, қайсар рухты етіп тәрбиелеу әр отбасынан, мектеп қабырғасынан басталады.
Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепгимназиясында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай және Қазақстан Тәуелсіздігінің
құндылықтарын насихаттау бойынша 16 қарашадан бастап мектепішілік жоспар құрылып, әртүрлі ісшаралар өткізіліп жатыр.
Атап айтсақ, 1 желтоқсан – Президент күніне және 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздіктің 7 қыры» циклы бойынша ұйымдастырылған іс-шаралар өз жалғасын табуда. Оқушыларға тәуелсіздігіміз бабамыздың қанымен, ананың жасымен, қыршын кеткен жастарымыздың өмірімен келгенін насихаттап, тәуелсіздіктің мағынасын түсіндіре отырып, туған халқын, ұлтын, жерін, Отанын сүюге тәрбиелеу болып табылады.
Әлеуметтік желілерде 5-11 сыныптар арасында «Бірлігіміз жарасқан!» патриоттық әндердің челленджі ұйымдастырылып, іріктеуден музыка пәнінің мұғалімі А. Ұлықбек өткізді. Жақсы деп танылған 6 «б» сынып оқушысы Н. Ержанқызының патриоттық әнін мектеп инстаграмы мен фейсбук парақшасына жүктелінді.
Тұңғыш Президент – Елбасы күніне арналған «Менің Қазақстаным!», «Менің Тұңғыш Президентім» атты суреттер байқауы өткізілді. Байқаудың ережесіне сай ең үздік деп танылған сурттерді мектеп инстаграмы мен фейсбук парақшасына жүктеліп салынды.
8-9 сыныптар арасында тарих пәні бойынша «Тәуелсіздіктің 7 қыры» циклының «Болашаққа бастар жол» деректі фильмі бойынша викторина ойындары өткізілді. 9-шы сынып жетекшілері мен оқушылары «Арнамысым, мақтанышым, қасіретім – Желтоқсан» атты
тәрбие сағаттарын өткізіп, (Желтоқсан құрбандарына арнап) бейнеролик жасады. Мектепішілік жоспар 26-шы желтоқсанға дейін құрылған, іс-шара жалғасын табуда.
Тәуелсіздігіміздің 29 жыл бойы басынан өткерген жетістіктеріне қуана отырып, біз қазақпыз, мен қазақпын! дегім келеді. Тілім – туым, жерім – жақұтым, дәстүрім – байлығым, елім – бабамнан қалған асыл мұрам. Сол мұраны көзіміздің қарашығындай сақтау, қорғау жас ұрпақтың қасиетті борышы деп білемін.
Отанымызға деген махаббат, елімізге, жерімізге деген сүйіспеншілік, тарихымызды, тіліміз бен дінімізді ұмытпай қастерлеу мен бірлігімізді жоғалтпау болып табылады. Мәңгілік ел болу үшін өткенімізді қастерлеп болашаққа жеткізуіміз керек. Ол – біздің парызымыз. Жер шары барда, тәуелсіз қазақ елі мен қазақ тілі мәңгілікке жасай берсін!

Г. ТӨЛЕГЕНОВА,
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.