ПАРАСАТТЫ ОТБАСЫ

Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі, адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті және Алматы облысының Білім басқармасы Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын басшылыққа ала отырып, парасатты отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасы мүшелерінің арасындағы бауырмалдық, қайырымдылық, достық қарым-қатынасты қалыптастыру, заманауи талаптарда парасатты тұлғаны дамыту мақсатында «Парасатты отбасы» онлайн байқауын өткізді.

Байқауға қалалық, облыстық әртүрлі қызмет саласында жұмыс атқаратын отбасылар қатысты. Қатысушылар әлеуметтік желілерде парасаттылық, адамгершілік үлгілерін
көрсететін 4-5 минуттық сапасы жоғары ролик дайындады. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың басты іргетасы отбасы десек еш қателеспейтініміз
анық. Байқау қорытындысы кезінде қазылар алқасы үздік деп таныған отбасылар анықталып, құнды сыйлықтармен марапатталды. Облыс көлемінде өткен байқауға Ескелді ауданының намысын қорғап, Медеуовтер әулеті, Ержан отбасы қатысып, жүлделі екінші орынға ие болды. Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов атындағы орта мектебінің 7-сынып оқушысы Ержан Айдана әдемі көркем тілмен өзінің кіндік қаны тамған ауылы мен отбасын таныстырып өтті.

Айдананың атасы Медеуов Ержан Ертайұлы талай жылдан бері өз кәсібін дөңгелетіп келе
жатқан шаруа қожалығының жетекшісі ретінде елге белгілі, беделді азамат. Әкесі Медеуов
Дидар Ержанұлы қазіргі таңдаөз әкесінің жолын қуған ізбасары. Апасы Құмарбекова Майрамгүл Қалмұхамбетқызы Ескелді аудандық қаржы бөлімінің бас есепші маманы болып халыққа қызмет етіп жүрген, аты аталған ауданға еңбегі сіңген ел ардақтысы. Анасы Сейілбекова Жадыра Күлбайқызы шәкірт оқытып, ұстаздық қызмет атқарған, қазіргі таңда бала тәрбиесіне көп уақытын бөліп, отбасының берекесі, ұйытқысы болып отырған ардақты жан. Дидар мен Жадыра төрт қызғалдақ пен бір батыр ұлды тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Медеуовтер әулеті өз отбасыларының береке-бірлігімен, тәлім-тәрбиесімен жұртшылыққа танылған үлкен отбасы.

Ауылдың қай тұрғынынан сұрасаңыз да бұл әулетті өздеріне үлгі тұтатынын мақтана айтып, келген қонаққа төрін берер, жалғыз атын сойып берер нағыз қазақи отбасы екенін шын
пейілдерімен айтып берді. Бойымызды мақтаныш кернеді! Дәл осындай отбасы біздің қоғамда көп болсын деп тіледік. Қазақ халқында «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл сөзі бар. Осындай бірлігі мен берекесі таймаған, күннің шуағындай жылылығымен баурайтын отбасынан тәрбиеленіп шыққан ұрпақ болашақта ел қамын ойлайтын, білімді, білікті адам болып қалыптасатынына еш шүбә келтіре алмаймыз.
«Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» дегендей, кеудемізді керіп, мақтан етер
ұрпағымыз көбейсін. Сол ұрпағына мақтаныш болар қазыналы
қарттарымыз көп болғай.

А. БОТАБЕКОВА,
Н. Алдабергенов атындағы
орта мектебінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі.