«ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕМЕН» ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

Өн бойына өнеге ұялатып, табандылық пен актерлікті тағдыр тармағына қоса өрген талапшыл азаматтың жүзі қашанда көпке шуақ шашып тұратын «Тақиялы періште» атанған атамыз биыл 85 жаста.

Қарапайым отбасында дүниеге келген жас бала соғыс көрген. Осындай қиыншылықты бастан өткізген қайсар мінезді Әлімғазы ата спортты жанына серік етіп, ең алғаш қазақ күресінің дамуына өз үлесін қосқан. 1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Темірлан ауылында өткен ауыр салмақтағы жарыстан 16 команданың ішінен жеңіске жетіп, Қазақстан Республикасының чемпионы атанған. Сол жерде нар тұлғалы азаматтардың көзіне түскен. Осылайша ең алғаш Қажымұқан Мұңайтпасовтың рөлін сомдауға шақырту алған. Халық көңілінен шыққан жас актер ұзын саны 17 фильмге түскен. Аты әйгілі Әлімғазы Райымбеков Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Алматы облысының «Құрметті азаматы» атақтарына ие. Бүгінде 63 жыл отасқан Гүлжауһар анамызбен 5 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан 22 немере, 23 шөбере сүйіп отыр.
Қазақ киносының саңлағы, от жүректі азаматтың аузынан Алласы түспеген, иісі қазақ, сөзі қазақ Әлімғазы Райымбековпен жарқын жүздесу болды. «Батаменен ел көгерер» демекші, арнайы кездесуді ұйымдастырған Ескелді аудандық кітапханасының қызметкерлері мен қазақ жұртына батасын берді.

Айжан БЕКЕЖАНҚЫЗЫ,
Көкжазық ауылдық кітапханасының кітапханашысы.