ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС ЖАЛҒАСУДА

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен ауданда жемқорлыққа қарсы ақпараттық үгіт-насихат штабы құрылып, бүгінде осы штабтың мүшелерімен тікелей эфир ұйымдастырылуда.

Жақында осы жоба аясында аудандық әкімшілікте Ескелді аудандық кітапхана директорының міндетін атқарушы Айгерім Түстікбаева мен Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Алима Нүсіповамен тікелей эфирде баспасөз мәслихаты өтті.

Айгерім Түстікбаева баяндамасында: «Бүгінгі таңда аудандық кітапхана және 14 ауылдық кітапханада 19336 оқырманы бар. Жыл басынан бері 518 іс-шара өткізілді. Осы жемқорлық тақырыбында қазіргі ахуалға байланысты 120-ға жуық шара онлайн режимінде өткізілді.

Тарихы тереңінен бастау алған сыбайлас жемқорлық бүгінгі таңда бүкіл әлем қауымдастығына қауіп-қатерін төндіріп отыр. Біздің мемлекетте тәуелсіздік алған жылдан бастап осы жемқорлықпен күрес шаралары бірінші кезекке қолға алынып отыр. Елдің өсіп-өркендеуі, келер ұрпақтың еңсесі биік болуы үшін жемқорлықпен күресті қолға алып, соны атқаруымыз керек. Ол біріншіден, барлық Қазақстан Республикасының әрбір азаматтарының борышы деп білемін.

Жалпы, жемқорлықпен күрес қазіргі таңда үздіксіз процесс. Жоғарыда айтып өткен 14 ауылдық және 1 аудандық біздің кітапхана жүйесінде жемқорлықпен күрес шаралары үздіксіз өткізілуде», — деп атап өтті.

Сондай-ақ, кітапхана саласында үгіт-насихат жұмыстары  аға буын мен жастар арасында үнемі өткізіліп тұратындығын алға тартты.

Баяндамасын қорытындылай келе, оқырмандарды кітапхананың әлеуметтік желісіндегі парақшаларда тұрақты түрде салынып жүрген дискуссия, пікірталас, танымдық әңгімелер, бейнеорлик көруге шақырды.

Ақбота ОРАЛБЕКОВА.