ЖЕТІСУ ӨҢІРІ ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫНДА

Алматы облысы (Жетісу өңірі) – Қазақстандағы инфраструктурасы дамыған ірі экономикалық аймақтардың бірі. Бүгінгі тұрақсыз экономикалық жағдайға қарамастан, облыс бизнес-бастамалар үшін келешегі мол инвестициялық алаң болып қала береді.

Мәселен, экономикалық салалардың өсу қарқыны бойынша өткен жылдың қаңтар-қыркүйек айларынан ағымдағы жылдың қаңтар-қыркүйек айларына дейін  өнеркәсіп  103,1%, құрылыс  111,6%, көлік  92,8%, ауыл шаруашылығы  102,4%, сауда  94,3% және байланыс  108,7%-ға артқан.

Негізгі әлеуметтік көрсеткіштер  бойынша өткен жылмен салыстырғанда халық саны  2 068,8 мың адамға өссе, инфляция  (2019 ж. желтоқсан – 2020 ж. қыркүйек) көтерілген. Орташа айлық жалақы бағалау (кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпкерлерді қоспағанда) 172 183 теңгегені құрайды, ал жұмыссыздық деңгейі  ІІ тоқсан бойынша  халықтың 4,8%-ын қамтып отыр. Жыл сайын адамдардың өмір сүру сапасының көрсеткіші жақсаруда екенін атап өткен жөн.

Осыдан төрт-бес жылғы Алматы облысы мен оның орталығы Талдықорғанды бүгінгі күнмен салыстыруға келмейді. Бірнеше жылға көз жүгіртпей-ақ, тек жыл басынан осы уақытқа дейінгі аралықта іске қосылған және жоспарда тұрған ірі нысандардың бірнешеуін назарларыңызға ұсынайық.

Бәсекеге қабілеттілік – білімде

Интеллектуалды, дені сау, ой-өрісі жоғары дамыған әлемдік деңгейдегі жоғары білімі бар азаматтарды тәрбиелеу – мемлекеттің ең маңызды стратегиясы. Сондықтан да Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Біз Қазақстанды әлемдік деңгейдегі білім ордасына айналдыруымыз керек», — деген болатын.

Білім беру жүйесін жетілдіру жолында ақпараттық-сандық технологияларды пайдаланып, инновациялық бағытқа ойысу аздық етеді. Заманауи технологияларды пайдаланбастан бұрын алдымен жаңадан мектеп орындарын ашу, спорттық нысандардың қатарын көбейту, жоғары оқу орнында оқитын білімгерлерді жатақханамен қамтамасыз етудің маңызы зор.

Әлемді жайлаған індеттің кесірінен көптеген білім ордаларының қашықтықтан білім беруге көшкеніне қарамастан, облыс аумағында 32 мектеп бой көтереді деп күтілуде. Биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында 5 мектеп, бір айдан соң тағы бір мектеп пайдалануға берілді.

Талдықорған қаласында алғашқыда қонақ үй болып салынған, бірақ құрылысы аяқталмаған нысан болатын. Сол 27 жыл бойы қаңырап тұрған ғимаратқа облыстық бюджеттен 2,3 млрд теңге бөлініп, бүгінде 13 қабатты студенттер жатақханасы ретінде өзгертілді. Қалаға басқа аймақтардан келіп оқитын студенттерге 288 орын жабдықталған.

Олимпиадалық стандарттарға сай халықаралық бассейн

Талдықорған қаласында 2019 жылы халықаралық стандартқа сай бассейннің құрылысы басталып, бүгінде аяқталуға жақын қалды. Дәлірек айтқанда, құрылыс жұмыстарының 90%-дан астамы аяқталған.

Жалпы аумағы 13069,88 мың шаршы метрден тұратын нысан 570 орындыққа арналған. Жоспарға сәйкес, бассейннің 2 қабаты және жертөлесі бар. 2 халықаралық стандартқа сай болады. 4 бассейннің екеуінің ұзындығы 50 метрден, ені 25 метрден, тағы екеуі олимпиадалық ойындарға арналған: біреуі – жаттығуға, екіншісі – жарысқа. Нысанның құны 11 млрд теңгені құрап отыр.

Әмбебап бассейн жүзу, ватербол, аквааэробика, судағы шөген, суға секіру бойынша оқу-жаттығу өткізуге, тұрғындар үшін сауықтыруға арналған жүзуге, балаларды жүзуге үйретуге, сол сияқты көрермендердің қатысуымен өтетін жарыстарға арналған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да жүзумен айналасуына жағдай жасалады. Толығымен 2021 жылы қолданысқа берілетін бассейнде ең үздік жаттықтырушылар жұмыс істейді деп жоспарлануда.

Сұйық май шығаратын зауыт – ірі бастама

«Талдықорған» индустриалды аймағында майлы дақылдарды қалдықсыз, тереңдете өңдеу арқылы сұйық май, тоңмай мен мал азықтарын шығаратын «Жетісу-МаЖиКо» зауыты мамыр айында іске қосылды.

Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылған бұл агрокешеннің аумағы 19 гектар. Зауытты салу жұмыстары 2013 жылы басталған. Құрылысына жалпы 5,8 млрд теңге қаражат кетті. Соя, жүгері, рапс, күнбағыс майлы дақылдарын өңдеуге арналған өнеркәсіп жылына шамамен 325 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Әзірге 50 жұмыс орны ашылып отыр, уақыт өте келе жұмыс орнының санын 350-ге жеткізу жоспарланған.

Өндіріс орны өңірдің агроөнеркәсіптік секторының дамуына ықпал етпек. Осы арқылы жергілікті халық жұмысқа орналасып, бюджетке де салық түсімдері ұлғаяды.

Кәсіпорын алынған өнімнің сапасын жақсарту мақсатында тұқымды өңдеудің экструзиялық технологиясы қолданылатын Германияда құрастырылған соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жасақталған. Ол шығарылатын майдың жоғары сапалы болуына кепілдік береді.

Баспана – басты бақыт

Қазақ халқы «Үйі жоқтың – күйі жоқ» деген. Өз бақытын сезініп, алаңсыз өмір сүруі үшін алдымен әр адамның тұрақты жұмысы, мекенжайы болуы тиіс. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – баспанаға қол жеткізу. Осыны ескерген үкімет халықтың баспанаға қол жеткізуі үшін көптеген жұмыстар атқаруда. Соның үлкен нәтижесін Алматы облысы көрсетіп отыр.

Өткен жылдан бері Алматы облысына қарасты аудандар мен қалаларда тұрғын үйлерді салу қарқыны жоғарылады. 2019 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін мереке қарсаңында жаңа үйдің кілттері көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар, туа біткен мүмкіндігі шектеулі балалар, І-ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар, толық емес отбасылар, зейнеткерлер санатындағы тұрғындарға табысталуда.

Мәселен, Талдықорған қаласындағы «Береке» коттеджді қалашығының құрылысы 2018 жылы басталды. Жоспар бойынша 620 коттеджді үй 2021 жылға дейін табысталады. Оның 157-сі 2018 жылы, 46-сы 2019 жылы пайдалануға берілген еді. Жақында қала күніне орай 71 отбасы өз үйлеріне қоныстанды. Жылдың соңына дейін тағы 48 отбасыға баспана кілттері беріледі деп жоспарланып отыр.

Заманауи модульдік инфекциялық аурухана

«Covid-19» дертінің жайылуынан жер-жерде инфекциялық ауруханалардың қатары көбейіп келеді. Қазақстанның барлық облыстарында заманауи көпсалалы ауруханалар салынуда. Екі ай уақыт ішінде Талдықорған қаласында да 200 орындық модульдік инфекциялық аурухана бой көтерді.

Жалпы аумағы 6800 шаршы метрді құрайтын жаңа медицина мекемесінде операциялық және перзентхана залы бар. «Ақылды аурухана» жүйелі бұл нысанда науқастардың денсаулығына тәулік бойы бейнемониторинг жасайды. Әр палатада шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған оттегін қосу құрылғылары орнатылған. Аурухана диагностикалық және зертханалық аппараттармен әлі де жабдықталуда. Еуропа елдері пандемияның екінші толқынымен күресіп жатқанда, бұл аурухана келесі толқынға қарсы тұрады деген ойдамыз.

P.S. Алматы облысы  өңірі осындай жобаларды жүзеге асыруда алдына жан салмай келеді. Жоғарыда атап өткен жұмыстардың барлығы – биылғы жылы ғана жүзеге асқан жобалардың бірнешеуі. Алдағы уақытта жоспарда тұрған бастамалардың қатары өте көп.

Жетісу өңірі экономикалық және экономикалық-мәдени дамудың даңғыл жолына түсіп, өркенді істерді өрлетуге жұмылған. Қаласы мен даласы қызу тірлікке толы. Оның барлығы ел игілігіне арналған. Ал мұндай ұмтылыс болашаққа деген сенімділікті нығайтып, ырыс-берекені молайтуға берік негіз қалайтыны сөзсіз.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА,

Суреттерді түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ.