“РУХАНИ КЕРУЕН” АЛДАБЕРГЕНОВ АУЫЛЫНДА

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыс әкімінің қолдауы мен облыстық дін істері басқармасының бастамасымен «Рухани керуен» жобасы 2017 жылы бастау алған болатын. Бұл жоба Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін ілгерілету, мемлекетіміздің рухани тірегі, дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, рухани құндылықтарын жаңғырту және деструктивті діни ағымдарға қарсы күресу, әрбір Қазақстан азаматының рухани санасын жаңғырту, туған жеріне деген сүйіспеншілік және патриоттық сезімдерін арттыруды мақсат етеді.

Биылғы жылдың 11-қазанында өңірлерді аралап келе жатқан керуен тобы Алдабергенов ауылына ат басын бұрды. Керуен құрамында елімізге танымал мәдениет және қоғам қайраткерлері, өнер, білім, денсаулық саласының белгілі мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құралған азаматтар жинақталған. Келген қонақтар алдымен Батырлар аллеясына гүл шоқтарын қойып, ауылдан шыққан батырлардың рухына тағзым етті. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Н.Алдабергеновтің мемориалды мұражайын аралап, құнды жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар естелік кітабына тілектерін жазды.

Жоба аясында ауылдық Мәдениет үйінде «Рухани мұра» атты концерттік бағдарламада аудан әкімінің орынбасары Қ.Әлібаев, облыстық ардагерлер ұйымының мүшесі, Еңбек ардагері Ш.Жылқайдаров, дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы директорының орынбасары А.Әлі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің мәдениеттану және дінтану кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Б.Бейсенов, облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Журналистер одағаның мүшесі Ж.Жайлаубаев, жыршы, термеші, заңгер Ә.Әділбеков сөз сөйлеп, «Рухани керуеннің» негізгі бағытымен таныстырды. Келген қонақтар ұйымдастырушыларға және Алдабергенов ауылының жұртшылығына алғысын айтып, арнайы дайындалған концертті тамашалады.

Түскі үзілістен соң іс-шаралар бірнеше мекемелер арасында бір уақытта жалғасты. Солардың әрқайсысына тоқталсақ.

ДІН – ЗАЙЫРЛЫ МЕМЛЕКЕТТІҢ ТІРЕГІ

Ауылдық мешітте дінтанушы маман Д.Бөкейдің қатысуымен «Дін – зайырлы мемлекеттің рухани тірегі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Ескелді аудандық мешітінің бас имамы Б.Жұмағалиев діннің адам өмірінде алатын орны мен оның маңыздылығын айтты. Сонымен қатар жат ағымдардан аулақ болып, өз дінімізді сақтау міндет сияқты мәселелер қаралды.

ЖАЛҒАН ДІНИ ҰЙЫМДАРДЫҢ БЕТ-БЕЙНЕСІ

М.Байысов атындағы орта мектебінде Д.Қазыкеновтың қатысуымен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында «Жалған діни ұйымдардың бет-бейнесі» атты ақпараттық-түсіндіру жұмыстары өтті. Жиынның мақсаты – жалған діни ұйымдардың алдын алу және одан аулақ болу. Даулет Қазыкенов жалған ұйымдардың мемлекетімізге тигізер зияны жайлы сөз қозғап, дұрыс жол таңдау керектігін айтты. Сонымен қатар аталған мәселе бойынша слайдтар мен бейнероликтер көрсетілді.

ДЕНІ САУ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ

Ауылдық дәрігерлік амбулаторияның мәжіліс залында «Дені сау ұрпақ – ел болашағы» атты тақырыпта діни себептерден екпе алып, қан құюдан бас тартқан азаматтар арасында сұқбат жүргізілді. Жиынды облыстық оңалту орталығының эксперті, дінтанушы маман А.Тоқтарова жүргізді. Жиын барысында екпе алудың адам денсаулығына маңызы зор екендігі айтылды. Қатысқан азаматтар өздеріне керекті көптеген мәліметтерден құлағдар болды.

ҰЛТ КЕЛБЕТІ – ЖАСТАРҒА БАҒЫТ

Жастар орта мектебінде Абай атындағы ҚазҰПУ-нің тарих ғылымдарының докторы, профессор Р.Сейтқазиновтың қатысуымен «Ұлт келбеті – жастарға бағыт» тақырыбында жастармен кездесу өтті. Кездесу барысында жастарға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы жайлы сөз қозғалып, оны жүзеге асыру жастардың басты міндеті екендігі айтылды. Сонымен қатар жастарға рухани бағытта нұсқау берілді.

РУХАНИ  БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫ ДӘРІПТЕЙІК

Мемлекетіміздің болашағының жарқын болуы жас буынның бүгінгі талпынысына байланысты. Жастарға дұрыс бағытта тәрбие беріп, дұрыс жолға салу – қоғамның басты міндетінің бірі. Жастардың білім алу, мамандық таңдау, рухани ұстанымдарын қалыптастыру, қоғамдағы өз орнын табу секілді әлеуметтік кезеңдерден өтуі – өмір заңдылығы. Осы әлеуметтік кезеңдерде жеке адамның тұлға болып қалыптасуына көптеген жағдайлар әсер етеді. Осы мақсатта қоғамға өзінің зор үлесін қосқан беделді адамдардың қатысуымен мектеп оқушылары мен студенттер арасында көптеген маңызы зор жиналыстар өтеді.

Осы орайда, Көксу ауылшаруашылық колледжінің студенттерімен «Діни сауаттылықты арттырып, рухани байлығымызды дәріптейік» атты жиын өтті. Жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің мәдениеттану және дінтану кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Б.Бейсенов пен облыстық «Жетісу» телеарнасының тілшісі, ҚР-ның Мәдениет қайраткері Ж.Жайлаубаев жүргізді. Жиын барысында жат діни ағымдардың зардабы мен кесапаты жайлы сөз қозғалды. Сонымен қатар Б.Бейсенов Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген игі істер атқарылып жатқанын  басымдылықпен айтты.

ЖАСТАРҒА НҰСҚАУ

«Шынықсаң шымыр боларсың» демекші, жас буынның спортқа деген қызығушылығы артып келеді. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты болады. Дене жаттығуларын күн сайын орындаған адам кез келген дертке төтеп береді. Спорт адамның санасын сергек етіп, өмірге деген қызығушылығын арттырады. Салауатты өмір салтын – сақтау әрбір жанның міндеті.

Ауылдық стадионда жастар арасында «Дін-аралық келісім – ел бірлігінің тұғыры» атты тақырыпта спорт түрлерінен жарыс өтті. Спорттық ойындар барысында грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Н.Теңізбаев  жас буынмен кездесіп, жетістікке жету жолын неден бастағанын айтып, жастарға нұсқау көрсетті. Болашақ спортшыларымыз футбол, волейбол, үстел теннисі секілді қызықты ойындар ойнап жарысып, халықаралық санаттағы спорт шеберімен суретке түсті.