ОҚУШЫЛАР САРАЙЫНА САЯХАТ

Т.Рүстембеков атындағы орта мектебінің оқушылары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында Талдықорған қаласындағы «Оқушылар сарайы» мекемесіне экскурсияға барды. Бүгінгі ұрпақтардың Отанға деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін, өнерге, жаһандық жаңалыққа, білімді тануға деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында осындай шаралар жиі ұйымдастырылады.

Экскурсияға 7-сынып оқушыларымен бірге қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімдері Л.Керімбекова, О.Әділ, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Х.Хавденай және сынып жетекшісі М.Байбатшаева барды.

Сапар барысында оқушылар көптеген мәліметтерге қанық болды. Мәселен, аталған мекеме Д.Қонаев көшесінде орналасқанын және 2-3 қабаттар А,Б, С, Д деп аталатындығын білді.

Оқушылар сарайы оқушылардың білімдерін тереңдету, балалардың бос уақытын дұрыс пайдалануды қамтамасыз ету, алған білімдерін тәжірибе жүзінде іске асыру, жеткіншектердің тәрбиесі мен жалпы дамудың көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында жұмыс істеп келеді.

Экскурсиялық тамашалау барысында көрме бұрыштарынан оқушылардың көптеген жетістіктері мен тамаша туындыларын тамашаладық. Оқушылар бірінші қабаттағы «Табиғи бұрышты» аралау арқылы олардың тірі табиғат иесіне, қоршаған ортаға деген сезімдері арта түскендігі байқалды. Бұл сапарда оқушылар табиғи өсімдіктер мен гүлдердің түрлерін, жан-жануарларды, шебер оқушылардың қолдарынан шыққан қолөнер туындыларын және аквариумдағы әсерлі балықтарды, сонымен қатар, осы әдемі көрініске одан да әсем көрік беріп тұрған құстарды тамашалады. Экскурсияның соңғы кезеңі жұлдыздар залымен аяқталды. Бүлдіршіндер жұлдыздар туралы көптеген мәлімет алып, жұлдыздар әлемімен танысты.

«Оқушылар сарайы» біздің оқушыларымызға өз елін сүюге, табиғатты қорғауға, өнерге деген қызығушылықтарын арттыруға, өз бетімен ізденіп, келешекте зерттеу жұмыстарын жүргізуге жол ашты деп білеміз. Болашақта біздің оқушыларымыздың жұмыстары да осы сарайдың төрінен көрінетініне кәміл сенеміз.

Шараға барған оқушылар өте жақсы демалып, ұмытылмас әсер алды.

Е. МАНАРБЕК,

Т.Рүстембеков орта мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі.