ВЕЛОЖАРЫС ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ

Қыркүйек айының 19-23 аралығында 2002-2003 және 2004-2005 жылдары туылған жасөспірімдер арасында ҚР Еңбегі сіңген спорт шебері Андрей Кивилевті еске алуға арналған XV дәстүрлі республикалық веложарыс өтті.

Әлемге таныс атақты спортшыны еске алудан басталған турнирға республиканың түкпір-түкпірінен 13 команда қатысты. Алматы облысынан 6 команда, Қызылорда облысынан 3 команда, Алматы қаласынан 2 команда, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары және Шымкент қаласынан ең үздік деген 150-ге тарта спортшылар байрақты бәсекеге жиналды.

Жарыс ереже бойынша төрт топқа бөлініп, яғни 2002-2003 жылғы қыздар мен ұлдар және 2004-2005 жылғы ұлдар мен қыздар арасында қызу жарыс өтті. Жалпы есеп бойынша Алматы облысы құрама командалар арасында бірінші орыннан көрінді. Ал олардың ішінде ең үздік көрсеткіштерді облыстық құрама сапында жүрген Талдықорған қаласындағы облыстық спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары жоғары нәтижелерді көрсетті.

Аталған жарыста Ескелді ауданына қарасты орта мектептерде білім алып, бүгінгі күні дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың оқушылары Виолетта Казакова және Мадина Журтыбаева 2 алтын, 3 күміс, 2 қола медальдарды еншіледі. Топта үздік танылуымен командалық есепке ауыз толтырып айтарлықтай үлес қосты.

Бүгінгі күні Қарабұлақ ауылынан шыққан бірқатар спортшылар Азия мен әлем чемпионаттарына қатысып жүр. Мәселен, И.Чжан, В.Мырксина, М.Курносова, С.Пащенко Азия чемпионы атанды. Қыркүйек айының ортасынан аталған спортшылар Австрияның Инсбург қаласындағы жарыстарда өнер көрсетіп жүр. Келесі айдың басында Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтетін жастар арасындағы дүниежүзілік Олимпиада ойындарына М.Курносова мен С.Пащенко жолдама алған болатын. Осындай ірі жарыстарға қатысып, еліміздің, туған жеріміздің көк туын желбіретіп жүрген жасөспірімдерге қолдау көрсететін азаматтар қатары көп болса екен.

Осы сынды жарыстарға жеткіншектерді дайындап, жалпы спортқа баулып, тәлім-тәрбие беріп жүрген ұстаздарды айтпай кету мүмкін емес. Бапкер-жаттықтырушы Асқар Сайынов қазір Қарабұлақ ауылының балалары арасында іріктеу жұмыстарын жүргізіп, жеткіншектерді спорт әлеміне тартуда. Ол кісінің қарамағында жаттыққан біршама өрендер Талдықорған қаласындағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа түсіп, оқуларын жалғастыруда.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.