ҚҰНДЫ ҚҰЖАТТАР ҚОРЫ АШЫЛДЫ

Мұрағат – ескірген құжаттар мен жазба ескерткіштерін, жеке бөлімге немесе жеке адамға қатысы бар қолжазба, құжаттар сақтайтын мекеме. Құнды дүниелерді қаттап, құнттап бүгінге, болашаққа жеткізетін мекеменің жұмыс жүйесі мен жабдықтарын жаңарту – қазіргі заман талабы. Осыған орай, 25 қыркүйек күні «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ Ескелді ауданында архивтің филиалы ашылды. Иә, аудан тұрғындарының қуанышында шек болмайтынын басшылар да растады. Бұрындары жергілікті халық қандай да бір құжат алу үшін облыс орталығына, яғни қалаға ағылып, уақыты мен қаржысын шығындайтын еді. Халық игілігі үшін ашылған Ескелді ауданының архиві көптеген мәселелердің шешімін табатынына сеніміміз мол.

Айтулы шараны құттықтау сөзімен аудан әкімінің орынбасары Қайырғали Әлібаев ашты. Ал жиналған қауымға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлия Жақыпбекова жүрек-жарды лебізін білдірді. Мекеменің салтанатты ашылу лентасын Әлия Әлімжанқызы мен аудандық қоғамдық кеңес ұйымының төрағасы Қалабек Тастанбаев кесті. «Алматы облысының мемлекеттік архиві» КММ Ескелді ауданы филиалының директоры болып Еркебұлан Бақабаев бекітілді.

Облыстан келген мамандар келген қонақтарға жаңа ғимараттың барлық бөлмелерін таныстырды.