ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР МЕН ТОЛЫҚТЫРУЛАР ТҮСІНДІРІЛДІ

Жұма күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мәселелерімен жиналыс өтті. Биылғы жылдың мамыр айында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңына қол қойған болатын.

Аталған өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру үшін ауданға Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің департамент басшысы Жанар Қабдулсағатқызы Қаржанова, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Асқар Абдолдаұлы Жолдағұтов және облыстық жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Сәбит Қыдырғалиұлы Садуақасов қатысты.

Одан басқа аудан әкімі мен аудан әкімінің орынбасары, ауыл округінің әкімдері, ауыл шаруашылық, жер қатынастары, сәулет және қалақұрылыс бөлімдерінің басшылары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары, аудандық фермерлер одағының төрағасы, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры, жер және конкурстық комиссияларының мүшелері, ауыл шаруашылық тауар өндірушілер, кәсіпкерлержәне ауданның БАҚ өкілдері қатысты.

Аталған заң Парламент депутаттарының, орталық уәкілетті органдарының, қоғам қайраткерлері мен азаматтық қоғам белсенділері жұмыстарының нәтижесінде әзірленген болатын.

Атқарылған жұмыстың қорытындысымен Қазақстан Республикасының жер қатынастары заңына өзгерістер мен толықтырулар «Қазақстандықтарға ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді беру институтын сақтау және дамыту», «Ауыл  шаруашылық  мақсатындағы жер алқаптарын жалға беру кезінде оларды шекті шекараларын айқындау», «Шекара  маңындағы аумақтарда ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді беру кезінде талаптарды қатаңдату», «Жайылымдарға қажетілікті анықтау» және «Тұрғын үй салу үшін жер учаскелеріне халықтың қажеттілігін айқындау және оларды мемлекет мұқтажына жатқызу» бағыттарына енгізілген болатын.

Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 4 мамырдағы кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер  мен  толықтыруларды және жер комиссиясының жұмыс тәртібін Жанар Қаржанова және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі Назира Үсенова түсіндірді. Жер қатынастарын реттеу заңнамасына енгізілген өзгерістер бойынша тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріп, толық түсіндіріп берді.