РУХАНИ, МӘДЕНИ БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Тіл халықпен бірге туып, бірге жасайды. Сондықтан да әрбір тіл өз елі үшін анадай ардақты және ол өз мемлекетінде маңызды орын алады. Әрбір тілдің өзіндік даму тарихы, басынан өткерген тарихи оқиғасы болады. Тіл – өзінше қасиетті, өзінше құдыретті. Дана халқымыз «ана тілің алпыс тілге татиды» демекші, әрбіріміз өз тілімізді құрметтеп, ардақтауы тиіс.

Қазақ елі тілі, діні, ділі бір ұлт болып ұлы даланы ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, асқан мәрттікпен иемденіп келеді. Қазақ елі егемендігін алғаннан бері тіл мәселесіне көп көңіл бөлінді. Өз ана тілімізді қорғайтын «ҚР Тіл туралы» Заңы қабылданды. Содан бері халқымыз әр жыл сайын Тілдер мерекесін атап өтеуде.

Биыл Жетісу ауылы, дәлірек айтқанда, Жетісу орта мектебінің ұстаздары мен оқушылары жаңа оқу жылында мерекені алғаш мерекелеуді бастап, өзгеше тақырыпта ерекшелеп өткізді. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру және «Үш тұғырлы тіл» саясатын іске асыру мақсатында «Алтын ұя – рухани, мәдени бірліктің ұйытқысы» атты рухани-танымдық кеш өткізді. Жастардың тіл меңгеруге деген ынтасын арттыру, заманға сай жас мамандардың қалыптасуына үлес қосу үшін Жетісу ауылының ғалымдары, ел ағалары және өнер иелерінің өмір жолы мен еңбектерін үш тілде таныстырды.

Жетісу өңірінде жұлдызы жарқыраған ерекше тұлғалар, сирек бітімді ірі суреткерлер, өнер иелері және Қазақстанның атын әлемге танытқан небір ғұлама ғалымдардың есімдері, шығармалары қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде таныстырылды. Оқушылар өнер иелерінің әуезді әндерін шырқап, ортаны көркем бимен де нұрландырды. Бірқатар жазушылардың туындыларынан сахналық қойылымдар қойылды.

Рухани-танымдық кеш соңында өңір ақыны А.Исағұлованың туындысы «Жетісу орта мектебінің гимні» шырқалып, барлық қатысушылар ортаға шықты. Жетісу орта мектебінің директоры Б.Жапабаев, Төлеңгіт ауылдық округінің әкімі Қ.Сатанов және аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскері Э.Әлпиева ұстаздар мен оқушылар қауымына алғысын білдірді. Білім бөлімінің өзге де әдіскерлері рухани-танымдық кешті жоғары бағалады.

З. БЕЙБІТҚЫЗЫ,

«Жетісу шұғыласы».