КІТАПҚҰМАР ОТБАСЫ

«Кітап – тілсіз мұғалім» деп бекер айтылмаған. Көркем шығармаларды көп оқыған адамның санасы сергек, ойы ұшқыр болмақ. Шығарма оқыған адам өмірдің ағы мен қарасын шынайы сезініп, алдынан кездескен қиындықтарды ақылмен шешуді үйренеді.

Проза, роман, поэма, драма, пьеса секілді шығармалар адамды терең ойлауға баулиды. Тарихқа көз жүгіртер болсақ, көптеген ойшылдар мен ғұлама ғалымдар кітап оқу арқылы надандықты жойып, биік белестерді бағындырған. «Артық білім кітапта» деп Абай атамыз айтқандай, кез келген ғылым мен білімді игергіміз келсе – кітапты көптеп оқуымыз керек.

Қазіргі таңда жас ұрпақты кітап оқуға баулу мақсатында кітапханаларда қызықты іс-шаралар жиі өткізілуде. Сондай іс-шаралардың бірі Қарабұлақ ауылдық округіндегі аудандық кітапханасының кітапханашысы Динара Бесбаеваның ұйымдастыруымен «Кітапқұмар отбасы» атты сайыс өтті. Шараның мақсаты –  ұлттық сана-сезімі жоғары, рухани ойлауы терең, саналы ұрпақты кітап оқуға баулу.

Сайысқа мектеп оқушылары мен белсенді төрт оқырман жанұясымен қатысты. Олар Салтанат Құмархан отбасымен, Бекішева Халила апа немерелерімен, Мүжікенова Гүлмира отбасымен және Исаев Айдос қарындасымен қатысты. Сайыс сегіз кезеңнен тұрды. Алғашқы «Таныстыру сәтінде» әр отбасы өздерін таныстырды. Екінші «Жақсы кітап – жан азығы» кезеңінде қатысушылар өздерінің оқыған кітаптарын жарнамалады. Үшінші «Тақпақты мәнерлеп жатқа айту», төртінші «Жұмбақ жарыс», бесінші «Жылдам жарыс» мақалдың жалғасын айту, алтыншы «Ұшқыр ой» берілген сұрақтарға жылдам жауап беру, жетінші «Кітап үйі – кітапхана» ақын-жазушылардың портретіне қарап, есімі мен шығармаларын табу кезеңдерінде және шараның соңғы сегізінші бөлімі «Өнерім өмірім» әр жанұя өз өнерлерін ортаға салды.

Шара соңында қатысушыларға орын берілді. Бас жүлдені Салтанат Құмарханұлы жанұясымен жеңіп алды. Сонымен қатар әр отбасы  сыйлықтармен марапатталды.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ.