КӘСІПОДАҚ КҮШІ — БІРЛІКТЕ

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері Кәсіподақ одағы кеңесі Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарында есеп беру – сайлау жиналыстарын өткізуде.

Жалпы жауапкершілікті талап ететін науқан 5 жылда бір рет өткізіліп келеді. Биылғы сайлау 3 кезеңде өтіп жатыр. Алғашқысы, 2018 жылдың қыркүйек-қазан айларында барлық 418 бастауыш кәсіподақ ұйымдарында, екінші қазан айында аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінде және соңғысы 2019 жылдың қаңтар айында аумақтық ұйымда есеп беру – сайлау жиналысы өтеді деп жоспарлануда.

Бүгінгі күнге дейін бекітілген кестеге сәйкес 62 бастауыш кәсіподақ ұйымында жиналыстар өтіп, төрағалардың 50 пайызы жаңадан сайланды. Сонымен қатар, атқару комитеті мен бақылау-тексеру комиссиясының құрамы жаңаланып, аудандық, қалалық конференцияларға делегаттар сайлануда.

Осындай есеп беру – сайлау жиналысы 14 қыркүйекте К.Шестаков атындағы орта мектебінде өтті. Оған «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ә.Қыдырманов, білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы С.Әбдіқадыров қатысты. Оған қоса К.Шестаков орта мектебінің директоры Н.Естібаев, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Б.Отаршинова және одақтың басқа да мүшелері, жалпы ұстаздар қауымы жиында бас қосты.

Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ә.Қыдырманов және Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы С.Әбдіқадыров кәсіподақ ұйымының маңыздылығын және атқарылып жатқан іс-шаралардың жемісті еңбегін басымдылықпен айтты. Жарыссөзге орыс тілі мен орыс әдебиетінің ұстазы Б.Түсіпова және бастауыш сынып ұстазы Т.Треппель бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ботагөз Сайлауқызының еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар бірқатар мамандар алғыс хаттармен марапатталды. Алматы облыстық кәсіподақтар орталығының алғыс хатымен Л.Құсайынова, Талдықорған аумақтық ұйымының алғыс хатымен А.Әубәкірова, А.Жұматаев, О.Столярова марапатталды. К.Шестаков орта мектебінде 42 жыл ұстаздық қызмет еткен, 20 жыл бойы бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы болған, бүгінгі күні зейнеттік демалыстағы ардагер Л.Жукова кәсіподақ ұйымының арнайы сыйлығымен марапатталды.

Көпшіліктің қолдауымен Отаршинова Ботагөз Сайлауқызы бірауыздан кәсіподақ ұйымының төрайымы болып және комиссия мүшелегіндегі алты адамның төртеуі жаңадан сайланды. Кәсіподақ жұмысына қанағаттанарлық деген баға берілді. Жалпы К.Шестаков атындағы орта мектептегі кәсіподақ мүшелерінің саны 75.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА