Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Ол белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасы – мемлекеттің дұрыс қалыптасуының ең басты тірегі. Оған «Отан отбасынан басталады» деген сөзді дәлел ретінде алсақ болады. Отбасылық құндылықтар мол болуы керек. Сонда ғана әр шаңырақта тәрбиеленіп жатқан өскелең ұрпақ отбасылық махаббатқа, ата-ана мейіріміне бөленіп, болашақта отанымыздың дамуына айтарлықтай үлес қоса алатын азамат болып шығады. Бұл қасиеттер тек тәрбие арқылы келетінін ұмытпауымыз керек.
Жасыратыны жоқ, қазіргі жаһандану заманында отбасылық құндылықтарды қалыптастыратын негізгі факторларды ғаламтор, ашық түрде көрсетілетін бұқаралық ақпарат құралдары алмастырған. Отбасылық құндылықтарды сақтау, бала тәрбиесіне көңіл бөлу мақсатында республиканың барлық мектептерінде «Өз балаңа үлгі бол» атты ата-аналар конференциясы өтіп жатыр. Сондай жиындардың бірі Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Титов атындағы орта мектебінде өтті.
Конференцияның мақсаты — ата-аналарды балаларға жауапкершілікпен қарауға шақыру, баланың бүгінгі істеген қадамы ертеңгі тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер ететінін атап өту.
Жиын барысында мектеп директоры Әбдікәрім Қаймулдинов ата-аналарды «9 қыркүйек — Отбасы күнімен» құттықтап, барша ата-аналардың бір ортаға жиналу мақсатын түсіндіріп, мектеп психологтарына сөз кезегін берді. Аталған орта мектептің психологтары Гүлмира Алимханова мен Алмагүл Аубакирова конференцияда қаралатын басты мәселелерді ата-аналарға таныстырды. Тәрбиелік мәні зор профилактикалық бейнероликтерді жиылған қауым назарына ұсынды. Сондай бейнероликтердің тақырыбы — суицидтің алдын алу, бала құқығы, бала және дін, өнеге мен тәрбие, ата-анаға кеңес жайлы.
Сонымен қатар баланы ҰБТ-ға психологиялық жағынан дайындау, оның санасын сергек ету, девианттық мінез-құлықтың алдын алу ата-атаның басты міндеті екендігі сөз етілді. Оқушының сабаққа деген ынтасы, білім алуға құштарлығы ұстаздарға ғана емес, ата-аналарға да тікелей байланысты.
Жиын соңында сауалнамалар таратылып, мектеп директоры мен ұстаздары ата-аналарға алғысын білдіріп, конференцияны аяқтады.
Алима НҮсІпова,
«Жетісу шұғыласы».