ҚОЛДАУЫН ТАПҚАН ЖОБА

Бақтыбай Жолбарысұлы ауылдық округі – Алматы облысы Ескелді ауданындағы әкімшілік бірлік. Құрамына Елтай, Өтенай ауылдары кіреді. ХIХ ғасырда осы өңірде өмір сүрген Бақтыбай ақын құрметіне аталған. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылынан батысқа қарай 22 шақырым жерде. Іргесі 1930 жылы Крупская атындағы қызылша өсіру ұжымшары ретінде қаланған. Оның негізінде 1997 жылы өндірістік кооператив, серіктестіктер мен шаруа қожа-лықтары құрылған. Ауылда орта мектептер, Мәдениет үйі, сауда орталықтары, т.б. мекемелер бар. Тұрғындары көрші елді мекендермен автомобиль жолы арқылы қатынасады. Бақтыбай Жолбарысұлы ауылы арқылы Алматы – Өскемен автомагистралі өтеді.

Жақында Бақтыбай ауылдық округінде аудан әкімі Бағлан Тәнекенов, аудандық мәслихатының хатшысы Қуат Алпысбаев, Алматы облысының құрылыс басшысы Дәркен Нұржанов, «Урбостиль» ЖШС құрылыс компаниясының директоры Любовь Нысанбаева мен бас маманы Айжан Шакирова, аудан депутаттары және ауыл тұрғындарының қатысуымен презентация  өтті. Презентация мақсаты – топографиялық түсірілім арқылы Алматы – Өскемен тас жолының аумақтарын көгалдандыру және абаттандыру негізінде жасалған жобаны ауыл тұрғындарына таныстыру. Топографиялық түсірілім арқылы жасалған жобаға бюджеттік қордан ақша жұмсалған, ол тоғыз ай көлемінде дайындалған. Презентация барысында аудан әкімі Бағлан Тәнекенов ауыл тұрғындарына жиынның мақсатын таныстырып, «Урбостиль» ЖШС құрылыс компаниясының директоры Любовь Нысанбаеваға сөз кезегін берді. Тоғыз ай бойы топографиялық түсірілім арқылы жасалған жобаның үлгісін ауыл тұрғындарына егжей-тегжейлі түсіндіріп, алдағы уақытта іске асатын жұмыстармен таныстырды.

Іске асатын жұмыстардың бірі адам өміріне қаупі бар жол шетіне жақын орналасқан үйлердің орнын ауыстырып, ондай үйлерді европалық стильдегі таунхаус үлгісінде салу. Ал таунхаус үйлер дегеніміз екі немесе үш қабатты үйлер. Әр қабат бөлек шыға берістерімен ерекшеленеді. Мұндай үйлердің қабаттарын жалға беруге немесе коммерциялық бағытта бизнесті іске асыруға болады. Алматы – Өскемен автомагистралінде таунхаус стиліндегі үйлер көптеп салынса, оның алысқа қатынайтын жүргізушілерге тигезер пайдасы мол. Сонымен қатар аялдамалар, жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдарын салу, фонтан орнату, газон егу, көшелерді жарықпен қамтамасыз ету, газ тарту, кәріз жүйесін орнату секілді  жұмыстар қолға алынбақ. Жоба 2019 жылдан бастап іске асады.

Ауыл тұрғындары жобаға қатысты сұрақтарын қойып, алда атқарылатын жұмыстардың маңызы зор екенін айтып,  аудан әкімі Бағлан Сағындықұлына алғыстарын білдірді. Сонымен қатар аудан депутаттары жаңа жобаны бірауыздан қолдап бекітті.

 Алима МҰРАТҚЫЗЫ.