Қазақстанда кәсіпкерліктің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуы экономикалық реформаларды жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Ал бизнестің жоғары деңгейде дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет тарапынан белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетілуі керек. Ондай қолдаулар Елбасының жыл сайын халыққа жолдайтын Жолдауларында көрініс табады. Биылғы жылғы Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің «Шағын және несие беруді көбейту» төртінші бағытында кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырған болатын.
Бүгінгі күні Ескелді ауданы бойынша шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы, әсіресе ауыл-аймақтардағы шағын және орта бизнестің өсіп-өркендеуі қарқын алуда. Оған «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды кәсіпкерлер палатасы жүргізіп отыр. Сәуір айынан бастап осы күнге дейін 102 адам оқып, сертификат алды. Қазіргі уақытта 17-сі бағдарлама бойынша білім алуда.
7 қыркүйекте Ескелді аудандық кәсіпкерлер палатасы жергілікті атқарушы әкімдікпен бірлесе отырып мемлекеттік бағдарламаларды қолдау мен шағын және орта бизнесті дамытуды жүзеге асыру бағытында отырыс өткізді. Жиынға облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Н.Әбілшайықов, облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Р.Салықова, кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Б.Файзуллин, кәсіпкерлер палатасы кеңесінің өңір бойынша мүшесі Қ.Дүзгенбаев, «Fortuna Food» ЖШС-нің директоры Р.Хакимов, облыстық ӨКП мүшелері Ж.Сарғалдақов, А.Аникин, Б.Шалбаев және облыстық ӨКП құқықтық сұрақтары бойынша басшысы Ә.Сұлтанбек қатысты. Сонымен қатар аудан әкімі Б.Тәнекенов, аудан әкімінің орынбасары Е.Әпеков, ауыл округінің әкімдері, бөлім басшылары және жеке кәсіпкерлер қатысты.
Есептік кездесуді аудандық кәсіпкерлер палатасы кеңесінің төрағасы А.Хильниченко ашты. Күн тәртібінде тұрған негізгі мәселелермен таныстырды. Атап айтқанда, бизнесті мемлекеттік бағдарламалар есебінен жүзеге асыру мен дамыту және «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар қарастырылды.
Алғаш сөз алған аудан әкімі Бағлан Сағындықұлы аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жобаларды қысқаша таныстырып өтті. Алдағы уақытта сүт өңдейтін және ет өңдейтін кәсіпорындар салу үшін келіссөздер жүргізіліп жатқанын, оған қоса қант зауытын қайта іске қосу қолға алынбақшы екенін айтты. Елбасының алға қойған міндеттеріне сәйкес шағын және орта бизнесті дамытуға қаржыландыруға мол қаражат бөлініп жатқанын тілге тиек етті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Римма Салықова Ескелді ауданы облысттағы аудандар арасында жоғарғы көрсеткіштерге ие екенін айтты. Аудан әкімінің кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге көп көңіл болып, тікелей мұрындық болуын бағалады. Сонымен қатар аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Әбен Тайжановтың іскерлігін, кәсіпкерлерге қолдау көрсетуін ерекше назарға алып, алғысын жаудырды. Әбен Бейсекеұлы да аудан көлемінде іске асырылып жатқан «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жеке бизнес машығын үйренуге халықтың ынтасы жоғары екенін атап өтті.
Ауданға қарасты ауылдық округтердің қатарында кәсібін жүргізіп отырған және енді бастаған азаматтар, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жеке кәсіп иелері назардан тыс қалмады. Өздерін толғандырған сұрақтарды халық қалаулыларына қойып, мәселелерін шешіп беруді сұрады. Олардың қатарында «Жетісу Энорготрейд» ЖШС-на сұрақтар мен ұсыныстар, Бақтыбай ауылындағы балабақшаға қатысты жеке кәсіпкердің сұрағы, тоқыма шаруашылығын қолға алған кәсіпкерлердің мәселелері көтерілді. Аудан әкімі мен бөлім басшылары сауалдарға жауап бере отыра, аталған мәселелерді жақын арада шешіп беруді міндетке алды.
Қазіргі уақытта елімізде шағын және орта бизнесті дамытудың маңызы жоғары болып табылады. Себебі, шағын және орта кәсіпкерлік құрылымында ұйымдастыру-құқықтық нысан бойынша тіркелген субъектілердің ең жоғары үлесін осы жеке кәсіпкерлер құрайды. Сондықтан да жиын соңында Бағлан Сағындықұлы ауылдық округ әкімдеріне өз ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынаста болуын тапсырды.
Кәсіпкерлікті дамыту – нарықтық дамытудың кепілі. Сондықтан да кәсіпкерлік төңірегіндегі көптеген мәселелердің көтеріліп жатуы да оның экономикадағы рөлінің өте маңыздылығын көрсетеді.
Кәсіпкерлікті қолдап, шағын және орта бизнесті дамыту әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті елдердің қатарына енуге бет алған еліміз үшін кәсіпкерлікті даму мәселесі – өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Өркениетті елдердің барлығы да өздерінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарына арқа сүйейді.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.