СПОРТТЫҚ БИ ЧЕМПИОНАТЫНАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

28 мен 30 тамыз аралығында Маңғыстау облысының Ақтау қаласында спорттық биден «Aktau open – 2018» республикалық чемпионаты өтті. Еліміздің 7 облысынан 26 тірек-қимыл қозғалыс аппараттары зақымданған мүгедек-спортшы бишілер қатысты. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы және «Астананың 20 жылдығы» аясында өткізілген бұл байқауға қатысушы-лардың ең жасы 14-те, ал ең үлкені 35 жаста. Турнирде көзге түскендер Қазақстан құрамасының сапына қосылып, алдағы уақытта өтетін Азия чемпионатына жолдама алды.

Алматы облысынан, атап айтқанда Ескелді ауданының «Демеу» мүгедектер қоғамы бірлестігінің мүшелері Қанат Нугуманов, Сергей Ню және Асламбек Лейстин аталған чемпионатқа қатысып, жоғары нәтижелі көрсеткіштерді көрсетіп қайтты. Сергей Ню мен Асламбек Лейстин жарыста үздік бестік қатарынан көрінсе, Қанат Нугуманов «Single man class I» санатында топ жарып, жүлделі І орынды иеленді.

Осындай дарынды спортшыларды жаттықтырушы Эльмира Чалкарова және хореограф Рамиля Андриенко барлық жарыстарға дайындап, тәлім-тәрбие беріп жүр. Оған қоса мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебі қолдау көрсетіп отыр.

З. ЖҰМАБЕКОВА,

«Жетісу шұғыласы».