АТА ЗАҢ КҮНІ МЕРЕКЕЛЕНДІ

Сан ғасыр бойы ел егемендігін арман еткен ата-бабаларымыздың үміті ақталып, өткен ғасырдың 90-жылдарында Қазақ елі көк байрағын желбіретіп, тәуелсіздігін күллі әлемге паш етті. Сол күннен бастап Қазақстан халқы жаңа даму жолына түсті, жыл санап келешегі кемел елге айналды. Мұның негізі – еліміздің Ата Заңы еді. Иә, қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өз өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақстанның халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілгені осының айғағы. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінеді.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында алтын әріптермен жазылған бұл күні әлеуметтік-экономикалық даму, ішкі саяси тұрақтылық, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және Қазақстанды халықаралық деңгейде мойындатудың құқықтық негіздері көрсетілген еліміздің бас құжаты қабылданғаны белгілі.

Қазақстан Республикасының Ата Заңы күні мерекесі қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде салтанатты іс-шара өтті. Залға Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Қазақстан Республикасының Конституциясы енгізіліп, Әнұран орындалды. Аудан әкімі Б.Тәнекенов жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар аудан игілігі үшін мінсіз қызмет атқарып жүрген біршама азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.

Олардың қатарында Бақтыбай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы М.Тойлыбеков, Төлеңгіт ауылдық  округі әкімі аппаратының бас маманы С.Жайнақова, Алдабергенов ауылдық  округі әкімі аппаратының  бас маман есепшісі А.Намысбаева, Ескелді ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің  сектор меңгерушісі Б.Тоқанова, Ескелді ауданының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бас маманы А.Нүкеева, Ескелді  ауданының білім бөлімінің әдіскері Б.Әлімғазина, Ескелді ауданының қазынашылық басқармасының бас маманы А.Қиялбекова, Ескелді ауданының әскери бөлімінің маманы М.Байғабатова, Ескелді  ауданының прокуратурасы А.Бүрібаева, Ескелді  аудандық сотының бас маман, сот мәжілісінің хатшысы М.Апқуатова және Ескелді аудандық әділет басқармасының іс жүргізушісі Л.Саматова бар.

Ұлтымыздың ұлан-ғайыр тарихында бастау алған Конституция – Елбасы ұсынып, халық қолдаған, елімізді биік белеске шығарған, тарихи маңызы бараса зор құжат. Ата Заңды ардақтау – келешекке керуен тартқан мемлекетіміздегі әрбір азаматтың асыл парызы. Конституция – мемлекетіміздің алтын қазынасы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан елдігіміздің, кемел келешегіміздің кепілі.

З. ЖҰМАБЕКОВА.