ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ

Туған жер! Осы сөзді естігенде құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиіп, бойыңды бір тәтті сезім билейді.  «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» демекші, қай жерде жүрмесін әр адамның туған жерге деген сағынышы бір бөлек.

Сол себептен химия ғылымдарының докторы, академик Еділ Ерғожаұлы өзінің туған жерге  деген құрметін, сезімін, сағынышын білдіре отырып, жаңа оқу жылының басталуына орай, Ескелді  ауданындағы Титов  атындағы орта  мектебіне өз кітаптарын  мектеп ұстаздарына және оқушыларға тарту етті. Бұл тарту мектеп ұжымына ұмытылмас  әсер  қалдырды.

«Адамның ісі қандай  болса, өзі де сондай» деген екен  неміс философы Гегель. Адамның  ең  асыл  қасиеттері қашанда күндей  жарқырып көрініп  тұрады.

Халқымыз  Еділ  Ерғожаұлын  ғылым жолындағы табанды  ізденістермен  абырой  биігіне  көтерілген көрнекті ғалым, академик, ұлағатты ұстаз, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері тұрғысында біледі  және де құрметтейді.

Отандық химия ғылымы саласының  қарқынды  дамуына жол  ашқан білікті маман  ретінде  сіңірген  еңбегі, екі  жүзден аса  авторлық  куәлікпен  потенттері  Қазақстанның келешегі үшін аса  маңызды.

Өмірдегі мақсат-мұратына адамдар да ақ адал маңдай терімен атқарылған игілікті  істері арқылы ғана жетіп  отырған. Соған орай абырой да, атақ та бастарына бақыт құсындай  қонып  тұрған.  Университеттің  бірінші  проректорының  жұмсақ  креслосына отырғаннан бері   Еділ Ерғожиннің есіне ұстазының «Сенің  алтын  тағың — ғылым, ұшатын  қанатың — білім» дейтін  ұлағатты  сөзі  жиі  есіне  түсетін  болатын. Тәлімгер ұстазы құлағына қорғасындай құйған-ақ екен. Өмірлік  асыл  арманына  айналған ғылым жолынан бір  сәт те ажыраса  алар  емес. Өз  жұмысын  біле  отырып, жұмысқа  деген құштарлығы аса зор  күйінде адал еңбек етуде. Академик Еділ Ерғожаұлы игерген істері мен қол  жеткізген табыстарының көпе-көрнеу бағасы төмендеп, бағының жанбауына  намыстанбай тұра алмады. Қолда  барда  алтынның  қадірін білместіктің  арты өкініш  екенін  ескермеу естілік емес еді. Ол  отандық ғалымдар тағдырына  немқұрайлы қарай алмады. Үкімет алдына ғылымды тығырықтан алып шығудың ғылыми жобаларын ұсынып, оның қажеттілігін батыл дәлелдеумен болды.

«Туған жерге туың тік» демекші, әр перзент өз еңбектерін, ізгі істерін туған жерден бастауы  керек. Соған  дәлел  химия  ғылымдарының  докторы, профессор, ҚР ҒА-ның академигі, ҚазССР ғылымына еңбегі сіңген қайраткер  Еділ  Ерғожаұлының есімін келер ұрпаққа мақтанышпен айта аламыз.

Әлия СҰлтанова,

Титов атындағы орта мектеп қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.