Бала тәрбиесінде және оларды үлкен орынға дайындауда балабақшаның алар орны ерекше. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндерді 2020 жылға дейін мектепке дейінгі мекемелермен қамтамасыз етіп, олардың ерте дамуына бірыңғай стандартты бағдарламаларды енгізу керектігі ерекше көрсетілген болатын.
Жолдаудың іске асырылуы бағытында Ескелді ауданы қарқынды жұмыстар атқарып келеді. Аудан орталығында Елбасының көтерген өзекті мәселесі мерзімінен бұрын шешімін тауып жатыр десек те болады. Себебі, бүгінгі күннің көрсеткіштеріне сәйкес, аудан бойынша бүлдіршіндердің мектепке дейінгі мекемелермен қамтылуы 93,4%-ды құрап отыр. Алдағы уақытта Бақтыбай ауылында 90 орындық балабақша және Қарабұлақ ауылында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 320 орындық балабақшаның құрылысы жоспарлануда. Сонымен қатар М.Байысов ауылында жеке кәсіпкер В.Агиенко еш өтеусіз 90 орындық балабақшаға арналған ғимаратын мемлекетке қайтарып бермекші. Аудан бойынша мектепке дейінгі мекемелердің толық қамтылуы 100%-ды құрайтын күн де алыс емес.
Күні кеше Қарабұлақ ауылында 100 орынға арналған «Радуга» балалар бақшасының құрылыс жұмыстары аяқталып, салтанатты ашылуы өтті. «Хильниченко и К» КСС-нің коммерциялық негізінде бой көтерген бұл балалар бақшасының ғимараты толығымен заманауи талаптарға сай келеді. Екі қабатты ғимарат жас өскіндерді сапалы тәрбиелеп, ой-өрістерінің өсуіне, яғни білімді болып ер жетуіне, осы заманның үлгі жақтары түгел жасалған. Балабақша ішіндегі балалар ойын алаңына да ерекше көңіл бөлінген. Бүлдіршіндерге тек білім мен тәрбие ғана беріп қоймай, олардың спортпен айналасуына баса назар аударылған. Бір жыл ішінде жұмысы қарқынды жүргізілген балабақшаға қаржы мол құйылып, оның құрылысына тек сапалы материалдар қолданылған екен. Балбөбектегі жиһаздар да Алматы қаласының беделді фирмаларынан сатып алынған.
Сипаты мен мазмұны бөлек балабақшаға аудан әкімі Бағлан Тәнекенов қатысып, Виктор Хильниченкоға алғысын білдірді. Бүгінде мектепке дейінгі мекемеге 20-дан астам маман қабылданып, жұмыспен қамтылған. 2 мен 6 жас аралығындағы балаларды аралас тілде, яғни қазақ және орыс тілдерінде оқытатын төрт топ болады деп бекітілген. Сонымен қатар, ата-аналар балабақшада орнатылған 22 камера арқылы арнайы бөлмеден балаларын бақылауларына мүмкіндік алып отыр. Әр балаға төленер бағасы да тиімді. Алдағы уақытта бүлдіршіндерді үш тілде оқытуға мамандар дайындалып, бейнежазба арқылы қалталы телефоннан қарап отыратын бағдарламаға орнатуды жоспарлап отыр. Осындай мүмкіндіктің туғанына ата-аналар қауымы өз ризашылықтарын білдіруде.
З. ЖҰМАБЕКОВА.