САЯБАҚ ПЕН ДАҢҚ АЛЛЕЯСЫ ЖАҢАРТЫЛУДА

Биылғы жаз мезгілі жауын-шашыннан басталып, аптап ыстыққа ұласып жатыр. Ауа райының тұрақсыздығына қарамастан, аудан орталығында жүргізіліп жатқан бірнеше нысандардағы жөндеу жұмыстары бір сәтке де тоқтамады. Солардың бірі – аудан орталығында орналасқан орталық саябақты абаттандыру. Яғни даңқ аллеясы мен оған қарасты саябаққа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жерде бір де бір рет күрделі жөндеу өтіп көрмегенін Қарабұлақтың жергілікті халқы жақсы біледі.

Маусым айының аяғында басталған құрылыс жұмыстарына жалпы соммасы 3 240 000 теңге қаражат бөлінді. Бүгінде бірқатар жұмыстар аяқталып, саябақ пен обелиск қыркүйек айының аяғында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Аудан орталығындағы көптеген нысандар мен ғимараттардың құрылысын жасаған талдықорғандық «Сапа NS құрылыс» ЖШС саябақты абаттандыру жұмыстарын да қолға алған. Компания басшысы Саяқхан Нукебаевтың айтуынша, бұл жерде өзгерістер көп болады. Саябақтың ортасынан су құбыры жүргізіліп жатыр. Жауын-шашын кезінде су сол жерге жиналып, өздігінен жасыл желекті суарып тұрады екен. Демалыс орнына орындықтар, қоқыс тастайтын жәшіктер, шамдар, шағын архитектуралық формалар, гүлзарлар мен газондар  орнатылады деп жоспарлануда. Тек даңқ аллеясында орнатылған ескерткіштер өзгеріссіз сол қалпында қалады. Ол құнды мәдени орынды ауыстыруға біздің рұқсатымыз жоқ дейді Саяқхан Төлеуханұлы. Сонымен қатар саябақта адам өміріне қауіпті деген біраз ағаштар кесілген. Дегенмен де күзде олардың орнына шырша сияқты ағаштар көптеп отырғызылады.

Халық игілігіне жасалып жатқан бұл бастама — көптің қуанышына ортақ. Кешкілік уақытта серуен құратын қарттар мен жастардың қатары көбейетіні анық.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.