БІТІМГЕРШІЛІККЕ БАСТАР ЖОЛ

Бірнеше жылдық тәжірибесі бар Қ.Мастекбаев пен Р.Мыңжасарова медиатор мамандар ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Іс-шараға аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Б.Боранбаев, «Жетісу шұғыласы» газетінің редакторы Ж.Исабаев, мәдениет және мемлекеттік тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Б.Ерғалиева, ішкі саясат бөлімінің бас маманы А.Оразалинов, «Нұр Отан» ХДП, АІІБ мен ауылдық округтерден келген әр саланың мамандары қатысты. Шара барысында азаматтарға медиация туралы кеңірек түсіндіріліп, кеңестер берілді.

Медиация терминін көпшілік бірнеше мәрте естісе де, оның түпкі мағынасына үңілмейтіні рас. Медиация дегеніміз бейтарап, әділ, жанжал нәтижесінде мүдделі емес тараптың қатысуымен өтетін дауларды реттеудің жаңа түрі болып табылады. Ол жанжалдардың алдын алу және оларды сотқа жеткізбей шешу, сол сияқты халықтың құқықтық сауаттылығын нығайтуды көздейді. Бүгінгі таңда қоғамдық сананы жаңғыртудың бірден-бір жолы медиация институтын дамыту болып отыр. Сол себептен кез келген жоғары білімі бар азамат медиатор бола алады. Ол үшін оған қажетті құжаттарын жинақтап, бас қалаға бірнеше күндік оқуға барып келуі тиіс. Бүгінгі күні республика бойынша медиация кабинеттері ашылып, аудандар мен ауылдық округтерде қоғамдық медиаторлар қызмет етеді.

Жанжалдардың алдын алу және оларды тиімді шешу, құқықтық мәдениетті нығайту үшін медиация желісін дамыту өте маңызды. Бұл сала барлық қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, сабақтаса байланысқан.