БӨЛІМ БАСШЫЛАРЫ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ

Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты уақытша жұмысы тоқтағандарға, үйінен шыға алмай қалған аз қамтылған отбасыларға, мүгедектерге мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетіліп жатқаны баршамызға мәлім.

Тұрғындарды көптеген сұрақтар мазалайтыны белгілі. Сол сұрақтарға үйде отырып жауап алу, халыққа етене жақын болу мақсатында Алматы облысы ішкі саясат басқармасының «Jetisy Media» ақпараттық алаңының ұйымдастыруымен барлық аудандардың әртүрлі саладағы бөлім басшылары тікелей эфирге шығуды бастады.

Апта басында кезек Ескелді ауданына келіп жетті. Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Алима Мұратқызы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанас Ертұрғанов Instagram әлеуметтік желісі арқылы тікелей эфирге шығып, халықтың сұрақтарына жауап берді.

Тікелей эфир барысында «Коммуналдық төлемдердегі жеңілдіктерді кімдер ала алады?» тақырыбында тұрғындардың сауалдары талқыланды. Қатысушылардың басым бөлігінің сұрағы да коммуналдық төлем жайында болды. Одан бөлек, «Біз біргеміз!» акциясы аясында беріліп жатқан 50 мың теңге төңірегінде сұрақтар келіп жатты.

Тікелей эфир барысында бұдан бөлек, мемлекет тарапынан беріліп жатқан 42500 теңгелік жәрдем ақша туралы да көптеген сұрақтар қойылды. Мұндай сұрақтардың басым бөлігіне алдағы уақытта басқа жауапты бөлім басшыларымен өткізілетін тікелей эфирлерде нақты жауап ала алатындығын аудан әкімінің баспасөз хатшысы жеткізді.

Жалпы, бір сағатқа созылған тікелей эфир кезінде қатысушылар көптеген сұрақтарға жауап алды.

Ақбота ОРАЛБЕКОВА.