Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын. Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы. Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады» деген еді. Бұл жобаны іске асыруды Алматы облысы бастап кетті.
Талдықорған қаласы «Рухани жаңғыру» орталығының кеңсе ғимаратында «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасын» анықтау мақсатында әр ауданнан келген үміткерлерді іріктеу отырысы өтті. Жиынға «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының» директоры Тәңірберген Қасымберкебаев төрағалық етті. Аталған шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы, жастар саясаты, денешынықтыру және спорт, тілдерді дамыту, ішкі саясат, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшылары, аудан, қалалық ішкі саясат бөлімінің қызметкерлері, «100 жаңа есім» үміткерлері және өткен жылғы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Е.Баялышбаев қатысты.
Облыс бойынша барлық аудан және қаладан қатысып отырған үміткерлерге жауапты тұлғалар таныстырылым жасады. Ескелді ауданынан айтыскер ақын, әуесқой композитор, республикалық және облыстық ақындар айтысының бірнеше дүркін жүлдегері Дәуен Алғысбек сынға түсті.
Дәуен Алғысбек 1993 жылы ҚХР-сының Алтай аймағы, Көктоғай ауданында дүниеге келген. 2009 жылы атамекенге оралып, Жетісу ауылындағы орта мектепте білім алады. Әдеби ортадан шалғай жатса да, оған қоса бала кезінен бастап көзінің көрмегендігіне қарамастан қазақ халқының ән-термелерін орындай бастады. 12 жасында ең алғашқы рет ҚХР-ның Үрімжі қаласында өткен «Қарғалдақ» балалар ән байқауында ең алғаш рет үлкен сахнаға қадам басты. Ел арасында, ойын-тойларда ән айтып, айтысқа қатыса бастады.
2011 жылы «Жамбыл Жабаев» атындағы республикалық оқушылар айтысының бас жүлдесін, 2012 жылы «Жастар жырлайды» атты республикалық жас ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алды. Одан бері қарай 2013-2016 жылдарға дейін көптеген айтыстарға қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Соның ішінде 2016 жылы Зуха батырдың 150 жылдығына орай өткізілген облыстық ақындар айтысында бас жүлдені еншіледі. Айтыстан бөлек 2011 жылдан бері қарай «Текті сөздің төресі», «Жетісу жұлдыздары» және тағы да басқа ән-терме байқауларына қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болып келуде.
Биылғы жылы өткен М.Мақатаевтың «Жырлайды жүрек» атты облыстық әншілер байқауында бас жүлдені жеңіп алды. Ақындық пен әншілік, композиторлықты да бірге алып келе жатқан Дәуеннің қазіргі таңда 30-ға тарта авторлық әндері бар. Соның ішінде халыққа танымал бола бастаған «Қазақ елі», «Бойтұмарым», «Өмір сүргім келеді» секілді әндері және «Астанам», «Ер Жәнібекке арнау», «Алтайым» секілді толғаулары халықтың жүрегіне жақын.
Оның қаламынан өзіндік өрнегі ерекше, кең тынысты, кесек ойлы поэзиялық дүниелер туды. Тұлғалық қасиетінен бөлек өнері мен шығармашылығы бір төбе тұрған Дәуен «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» құрамына енуіне әбден лайық.