ХАЛҚЫНА ҚАДІРЛІ АҒА ЕДІ

ҰЛЫ ЖЕҢІС оңайлықпен келген жоқ. Қаншама азаматтар елі үшін, жері үшін қанмайдан төрінде жандарын пида етті. Майдан төсінен аман-есен оралғандар да небір тауқыметті бастан өткерді. Бүгінгі ұрпақ, жер басып жүрген еліміздің барша халқы солардың ерлігіне тағзым ете отырып, олардың бізге қалдырған аманаттарына адал да берік болуға міндетті. Осы тұрғыда олардың есімдерін еске алып, ерліктерін, жүріп өткен өте ауыр да соқпақты жолдарын дәріптеп, айтып та, жазып та отыру – ардақты парызымыз.
Осындай есімін әрқашан да ілтипатпен атап, қадір тұтатын ағаларымыздың бірі – Тәти ТАЗАБЕКОВ еді. ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ 75 жылдығын халқымыз ерекше ілтипатпен атап өтіп отырған шақта ортамыздан кеткеніне біраз жылдар болса да, әлі күнге дейін нар тұлғасы көз алдымыздан кетпей, жарқын бейнесі жадымызда жүрген ардақты Тәти ағамен болған соңғы кездесулердің бірі менің ойыма орала береді.
Тәти ағамен біз көп жылдар бойы аралас-құралас жүрдік. Көпті көріп, көңілге тоқығаны мол аға байсалды, ақкөңіл, ашық-жарқын жүретін, әңгімешіл адам еді ғой. Редакцияға айына бір-екі рет келмесе көңілі көншімейтіндей көрінетін маған. Келген бетте:
– Жігіттер, хал-жағдайларың қалай, не жаңалықтарың бар, елдің, ауданның жай-жапсары қалай? – дей отырып, өзі де біраз әңгіме қозғайтын. Кейінгі кездері бір келгенде:
– «Сексен жасайын деген жасым ба еді, быламық ішейін деген асым ба еді», – деген екен, ертеде бір данагөй қария. Майданнан алған жарақаттың салдары ма, жоқ әлде жас келіп қалғандықтан ба, аяғым сыр беріп, жүріп-тұруым біраз қиындап қалды, машинаны да жүргізуді қойдым. Бір жерге барғым келсе Әли ініме, кейде немерелеріме арқа сүйеймін, солар алып жүреді, – деп аз-кем үнсіз отырып қалған еді. Мен ағаның жүзіне, кескін-келбетіне қарадым. Бұрынғыдай, кемінде 120 келідей салмақ тартатын еңселі, зор кеуделі аға жоқ, еті таразыланып, алақанының сырт жағындағы тамырлары білеуленіп, денесі де біраз шөгіңкіреп қалғандай көрінді. Жылдар ағымы-ай, өз дегеніне көндіріп, өте береді екен! Аға кетер кезінде:
– Қарағым, Дауылбай, таяуда шыққан кітабыңда мен туралы да жазыпсың, суретімді де қоса беріпсің деп естідім, соның бір-екі данасын неге бермедің, біз бөтен адамдар емеспіз ғой? – деген еді.
– Аға, кейістігіңіз орынды, жұмыс-басты болып, бүгін-ертең деп жүріп қалыппын. Кітап қайда кетер дейсіз, бәрінен де деніңізге саулық берсін, әлі де жазармыз, – деп күні бұрын қолтаңбамды жазып қойсам да, берудің реті келмей, үстелімнің тартпасында жатқан Тәти аға жайлы көлемді очеркім енген кітабымды сыйладым.
– Өркенің өссін қарағым, мынау ендігі кезекте маған емес, үрім-бұтақтарыма, кейінгі немерелеріме керек дүние. Біздің атамыз осындай болған деп жүреді ғой. Тайға таңба басқандай айшықты жазыпсың. Жеңіс күнінде түскен суре-тімді де қоса беріпсің, рақмет. Көп жаса, қалқам. Жалпы кейінгі ұрпақ жеті атасын біліп жүрсе, жаман бола қоймас, – деп аға сол кездесуде разы көңілін білдірген еді.
КӨҢІЛІ дархан, ілтипаты зор ағаның өмір жолы маған белгілі. Ол жайында және әкей жайында да ағаның аузынан сан рет естігенмін.
– Әкең Қалқабек қариядан мен де біршама тағлым алдым. Замандастарына беделді, белсенді азамат еді. Сонау аумалы-төкпелі заманда, 1929 жылы алғаш колхоздастыру науқаны басталған кезде Кәкең тау бөктерінен «Текелі» деп аталған колхоз құрып, оны бес жыл басқарғанын да мен жақсы білемін. Ағаның ізін баса жүріп, мен де біраз үлгі-өнеге алдым, – деп Тәти аға сол бір кезеңдерді де еске түсіріп отыратын. – Кейін 1934 жылы Үкімет қаулысымен Текелі елді мекені шахтерлер қаласы атанып, «Текелі» колхозының орталығы Қарабұлаққа көшіріліп, «Красный пахарь» колхозы, кейіннен Киров атындағы, одан кейін «Хильниченко и К» сенім серіктестігі деп аталды. Сол колхозда Тәти 1942 жылға дейін есепші болып еңбек етті. Бірақ бейбіт еңбекті осы кезде біраз үзе тұруға тура келді.
Елімізге тұтқиылдан шабуыл бастаған неміс-фашистеріне тойтарыс беруге Тәти де мыңдаған азаматтармен бірге майданға аттанды. Алғашқыда төрт айдай Башкирияда арнайы дайындықтан өтіп, тамыз айында Ленинград–Москва–Октябрь теміржолын қорғады. Бұл Нева бойындағы қалаға жауынгерлер тиеген эшалондарды әкеліп, кері қарай сәл тыныштау жерге балалар мен қарттарды, ауыр жаралы солдаттарды әкететін күретамырдай болған мәні зор жол еді. Содан да болар немістер де бұл темір жолға ерекше мән берді. Жолды жаулардан тазарту, күндіз-түні қырағы күзету оңай болған жоқ. Талай-талай абзал азаматтар мерт болып, көз жұмды. Тәти де сол майданда жараланып, госпитальға түсті. Онда біраз емделгеннен кейін, тағы да майдан шебіне келді.
1943 жылдың қақап тұрған қаңтар айында полктің сапері ретінде жол бойын миналардан тазартып, біздің жауынгерлерге жол ашып отырды. Ақыры Ленинград пен Волков майдандары қосылып, Ленинградты қоршаудан құтқарды. Осы бір шайқаста Тәти аяғынан ауыр жараланып, тағы да госпитальға түсті. Содан тоғыз ай дегенде біраз емделіп, одан әрі майдан шебіне оралуға жарамсыз болғандықтан балдақпен елге оралды. Келген бетте де тынығып, емделуге мұрша болған жоқ. Небәрі он күн өткеннен кейін оны колхоз басқармасының төра-ғасы шақырып алып, қой фермасына меңгеруші етіп тағайындады. Ол кезде бұрынғы шағын «Красный пахарь» колхозы «Ешкіөлмес» колхозымен бірігіп, Киров атындағы колхозы деп аталған еді. Еңбек ете жүріп, Талдықорғандағы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын сырттай бітірді. 1950 жылдан 1967 жылға дейін Киров атындағы колхоз басқармасы төрағасының орынбасары болды. Одан кейін бас зоотехник, №2 және №4 комплексті бригадалардың бригадирі міндетін атқарды. Коминтерн атындағы колхозында, Қарабұлақ мал бордақылау совхозында бас зоотехник болып қызмет істеді. Колхоздың тексеру комиссиясының төрағасы және мұраб қызметтерін де біраз жыл мінсіз атқарды.
«Туған елдің сақтау үшін елдігін,
Еңбекпенен өтті бүкіл тірлігім», – деп аға өзі айтқандай, 57 жыл бойы қалтқысыз қызмет етті. Екі жыл майдан шебінде болды. Әркез қажырлы еңбегі мен ерлігі елеп-ескеріліп, құр-мет тұтылып отырылды. Өңіріндегі ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» және «Қызыл жұлдыз» ордендері және 15-ке тарта медальдары соның айғағы. Соған қоса «Ескелді ауданының Құрметті азаматы» атануының өзі де біраз жайды аңғартса керек.
КӨПТІ көріп, талай жайларды салиқалы ой елегіне сала білген, парасаттылығы мен кісілік қасиеті мол қадірлі аға қызметте жүргенде де, құрметті демалысқа шыққанда да қоғамдық жұмыстардың бел ортасында болды. Аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық соттың халық заседателі, соғыс және еңбек ардагерлері аудандық кеңесі төрағасының орынбасары ретінде де талай-талай жайлардың дұрыс шешілуіне белсене атсалысты. Соңғы біраз жылдары аудандық әкімдік жанындағы ақсақалдар алқасының төрағасы болды. «Нұр Отан» партиясының аудандық саяси кеңесінің мүшесі ретінде де ағаның ақыл қосар, жол сілтер жайлары аз болған жоқ. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Николай Алексеевич Сидоровпен бірге ауылдарды аралап, ондағы ардагерлердің басын қосып, олардың жай-жапсарларын біліп отырды. Ұсыныс-тілектерін тыңдап, шешуді, көмектесуді қажет ететін жайлары болса, оны тиісті орындауға жеткізуге атсалысты. Бір ғана мысал, бірде Тәти аға редекцияға келіп:
– Тельман атындағы ауылды бұрынғы есімі бойынша Сырымбет ауылы деп атасақ, – дегендей ой білдірді. – Мұны Жетісу, Екпінді және Тельман ауылдарында тұратын ақсақалдардың көптен бері көкейлерінде жүрген ұсыныс-тілегі деп ұғыңдар, – деді де, Сырымбет және «Сырымбет қырғыны» туралы біраз жайларды еске салды. Ағаның айтқан ұсынысын біз де қолдадық. Бірер күннен кейін аудандық газет бетіне ауыл ақсақалдарының осы ұсынысы негізінде аудан жұртшылығына Үндеу жарияладық. Іле-шала осы шараны ұйымдастырушылар алқасы Сырымбет жайлы көпшілікке кеңінен түсінік беретін баяндама мәтінін жазуды маған жүктеді. Шүкір, еңбегіміз ақталып, бұл ұсынысымызды жоғары жақтағылар да қолдады. Ауыл маңындағы кең алқапта төрт көзіміз түгел қатысқан үлкен алқалы жиын болды. Онда баяндаманы сол жерде ауылдық кеңестің төрағасы болған Бимұрат Боранбаев (бүгінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы – Д.Д.) мәнеріне келтіріп оқып берді. Сонымен көпшіліктің қолдауымен ауылға бұрынғы Сырымбет есімі салтанатты жағдайда қайта берілді. Бұл бір жағынан сонау бір аумалы-төкпелі заманда өзара түсініспеушіліктің салдарынан казак-орыстарының қолдарынан жазықсыз қырылып кеткен осы маңдағы бір ауыл елдің рухына көрсетілген көз көргендер мен кейінгі ұрпақтардың тағзымы еді.
Тәти аға, сонымен қатар, кезінде өнегелі еңбегімен көрінген біршама азаматтарды ұлықтап, көшелерге есімдерін беріп, есте қалдыру ісіне де айтарлықтай атсалысты. Содан да болар ол кісіге деген көптің құрметі де шексіз.
АУЫЛДЫҢ, бір аймақтың қадірлі, салиқалы ағасы ретіндегі Тәти Тазабеков үлкен өнегелі отбасының да ұйытқысы бола білді. Аға өмірден өздеріне лайықты орындарын таба білген қыздары Бағила, Нағима, Раушан және Қарлығашты, ұлдары Әбдуәли мен Талғатты ілтипатпен атап, мақтан тұтып отыратын. «Осыларды өсіріп, ер жеткізген жансерігім Оразипа еді ғой», – деп аға сүйікті жарын әркез сағынышпен еске алып отыратын. – «Екеуміз 44 жыл отасыппыз. Тағдырдың жазуы болар, сол жансерігімнен көз жазып қалғаныма да бүгінде 18 жыл болып қалыпты. Амал қанша, жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын. Одан кейін маған да балаларыма да тіреу бола білген Тоқтыбөпе жеңгеңе де ризамын».
«Әр уақытта халқымды алып ойыма,
Жыйдым асыл қасиетін бойыма», – деп Тәти аға өзі айтқандай, соның арқасында халқына елеулі, жұртына сыйлы бола білді.
ОСЫЛАЙ деп ойымызды түйіндей бергенімде, менің есіме Тәти ағаның соңғы бір келгенде өтініш пен айтқан бір аманаты оралды. «Қалқам, жасым болса біразға келіп қалды. Оның үстіне жүруімнен отыруым көп, енді қанша жүретінімді бір Алла біледі, мен туралы жазып жүрген соң мына бір мағлұматты да назарыңа ала жүрсең», – дегендей өтінішпен қолыма бір парақ қағазды ұсынды. Оқып көрсем, Тәти ағаның әкесі Тазабек Айтақов туралы ресми дерек екен. «Аманатқа қиянат жоқ» деген, бұл жайды да аға жайлы жазбаға қосуды жөн көрдім.
БҰЛ деректер Тазабектің кейінгі үрім-бұтақтарының сұрауы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіп-сіздік Комитетінің, Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша депар-таментінің Талдықорған қаласындағы басқармасынан 1997 жылы 31 жел-тоқсанда алынған екен. Оған бөлім басшысы К. Бабаев қол қойыпты. Деректер орыс тілінде жазылып, басқарманың мөрі басылған. Осы мағлұматтарға қарағанда, Тазабек сол бір кезеңде өресі жоғары, қара қылды қақ жара әділ төрелігін айтқан би-болыс және судья болғандығы айқын аңғарылады.
Жасынан зерек, зейінді болуы оны жұрттан ерекшелендіре түскен көрінеді. Әкесі Айтақ та дәулетті, тілге шешен, беделді кісі болыпты. Өзі де одан кенде болмаған секілді. Тазабек Текелі қаласының батыс жағындағы Тастыарық ауылында дүниеге келген. Ата-тегі Сырымбеттен тарайды. Тазабек Айтақов 1916-1917 жылдары болыс болып, одан кейін болыстық судья болып сайланады. Әділеттің ақ жолынан таймаған ол елдің қамқоршысы, жанашыры әрі ақылшысы болған.
Бірақ ол кісінің осындай ізгі қасиеті сол кезеңдегі советтік дәуірдің біржақты, өктемдік саясатына жақпаған көрінеді. Содан болар, 1930 жылдың 30 қазанында Тазабек тұтқынға алынып, 1931 жылдың 11 сәуірінде Мемлекеттік Саяси Басқарма жанындағы Үштіктің шешімімен үш жылға жер аударылған. Сол кеткеннен ол үйіне оралмаған. Тек 58 жылдан кейін ғана, 1989 жылы 18 қаңтарда КСРО Жоғарғы Советі Президиумының «30-40 жылдарда және 50 жылдардағы кезеңдерде орын алған қуғын-сүргін (репрессия) құрбандарына қатысты әділдікті орнату жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығының 1-бабына сай келуіне байланысты Тазабек Айтақовқа қатысты 1931 жылғы 11 сәуірдегі Үштіктің шешімі өзгертілген. Соған орай Талдықорған облыстық прокуратурасының 1989 жылдың 19 сәуіріндегі қорытынды ше-шімімен Тазабек Айтақов ақталған.
Осыған қарағанда Тазабек қолдан келгенше халқының теңдігі мен бірлігін, бір-біріне деген адалдығын жақтап, турасын, әділдігін қаймықпай айтқан нар тұлғалы азамат болғандығына ешқандай шүбә келтіре алмайсыз.
«АТАДАН ұл тұса игі, ата жолын қуса игі» демей ме халқымыз. «Бір бала бар әкеге жете туады, бір бала бар әкеден аса туады» деген өмірден түйінделген тұжырым бар. Тәтидің де халқының қадірлісі, жұртының сыйлысы болуының да негізі – тегінде жатса керек.
Қорыта айтар болсақ, көзден тайса да көңілден таймаған, елім, жерім, халқым деп өмір кешіп, өзіндік қадір-қасиетімен өмірден өткен Тәти аға жайлы және ол кісінің шыққан тегі туралы аз-кем мағлұматтарды да назарларыңызға салдық. Бұл қадірлі ағаға деген сағыныш сезімдеріміздің қағаз бетіне түскен бір парасы ғана еді.
9 Мамыр – Жеңіс күні. 9 Мамыр – Тәти ағаның да туған күні еді. Жеңіс күнін атай отырып, ағаның да рухына тағзым етіп, «Жаныңыз жаннатта болсын, қадірлі аға!» дейміз.
Дауылбай ДОСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ескелді ауданының Құрметті азаматы.