Ақын мерейтойы – руханият мерекесі

24 маусым күні Жетісу өңірінің рухани өміріндегі айтулы оқиғалардың бірі – ақын, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Ескелді ауданының Құрметті азаматы Сайлаубай Тойлыбаевтың 75 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеш жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол әдеби-сазды шара ақынның өмір жолы мен шығармашылық мұрасын насихаттауға, жас ұрпаққа өнеге етуге бағытталды.
Кеш шымылдығы мерейтой иесінің шығармашылық жолын баяндайтын бейнероликпен ашылып, ақынның қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесі кеңінен таныстырылды. Ғұмырын сөз өнеріне арнаған Сайлаубай Тойлыбаевтың жырлары туған жерге деген сүйіспеншілікті, ұлттық құндылықтарды, адамгершілік пен ізгілікті дәріптеуімен ерекшеленеді. Оның шығармалары оқырман жүрегінен орын алып, әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған.
Мерейтойлық кештің ең жарқын сәттерінің бірі – ақынның жаңа туындысы «Бәйге» атты кітабының тұсаукесері болды. Жаңа жинаққа қаламгердің әр жылдары жазылған таңдаулы өлеңдері мен толғамды туындылары енген. Кітаптың тұсауын кесу рәсімі ақын шығармашылығына көрсетілген зор құрметтің белгісіне айналды. Сонымен қатар шара аясында ұйымдастырылған кітап көрмесі арқылы оқырмандар ақынның әр жылдары жарық көрген еңбектерімен танысып, шығармашылық әлеміне тереңірек бойлау мүмкіндігіне ие болды.
Кеш барысында ақынның жүрекке жететін әсерлі өлеңдері оқылып, шығармаларынан үзінділер ұсынылды. Жыр сүйер қауым ақын поэзиясынан туған елге деген махаббатты, ұлттық рух пен өмірдің мәнін терең сезінді. Ақынның сөзіне жазылған әндер мен халыққа кеңінен танымал шығармалар кештің көркемдік мазмұнын байыта түсті.
Мерекелік шараға еліміздің мәдениет және өнер саласының танымал өкілдері арнайы қатысып, өз өнерлерін тарту етті. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, эстрада әншісі Гүлмира Ақүрпекова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сұлушаш Нұрмағамбетова, Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының үздігі Арайлым Мамырбекқызы, әнші-композитор Талғат Рамазанов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ұлжан Айнақұлова, әнші-композитор Мақсат Жәутіков және Майра Уәлиқызы атындағы халықаралық байқаудың лауреаты Нұргүл Әлқожа көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.
Өнер майталмандары орындаған әсем әндер мен сырлы шығармалар кештің мазмұнын аша түсіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әрбір ән мен әрбір жыр жолы ақын шығармашылығының тереңдігін танытып, мерейтой иесіне деген құрметті айшықтай түсті. Кешке жиналған зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер, мәдениет қызметкерлері мен оқырмандар ақынға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Сайлаубай Тойлыбаевтың 75 жас мерейтойына арналған бұл шығармашылық кеш тек бір ақынның мерекесі ғана емес, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің мәртебесін асқақтатқан рухани шара болды. Ақынның өнегелі өмір жолы мен мол мұрасы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек. Әдебиет пен өнер тоғысқан тағылымды кеш көрермендердің жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырып, ұлттық руханиятымыздың мерейін тағы бір мәрте үстем етті.