Мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласының мәртебесі ұлықталды

Ескелді ауданында Мемлекеттік қызметшілер күні мен Полиция күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылып, ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. Мерекелік жиынға аудан басшылығы, мемлекеттік қызмет ардагерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мекеме басшылары мен қоғам өкілдері қатысты.
Шараның басты мақсаты – халыққа адал қызмет етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ететін полиция қызметкерлерінің еңбегін дәріптеу, олардың қоғамдағы маңызды рөлін айқындау болды.
Салтанатты жиында сөз алған аудан басшылығы қос мерекенің маңыздылығына тоқталып, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласының ел тұрақтылығы мен дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің халық пен билік арасындағы байланысты нығайтудағы, мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асуындағы жауапты міндеттеріне назар аударса, полиция қызметкерлерінің азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қажырлы еңбегі жоғары бағаланды.
Мерекелік шара барысында өз міндеттерін адал атқарып, қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері марапатталды. Оларға аудан әкімінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары мен арнайы сыйлықтары табысталып, көпшілік алдында еңбектері еленді.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет пен полиция саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлерге де құрмет көрсетіліп, олардың ел дамуына қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Ардагерлер жастарға ақыл-кеңестерін айтып, адал еңбек пен жауапкершіліктің маңыздылығын жеткізді.
Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Аудан өнерпаздары мен мәдениет саласының қызметкерлері патриоттық әндер орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әндер мен жүрекке жылы тиетін шығармалар мерекенің мазмұнын байытып, қатысушылардың ыстық ықыласына бөленді.
Мемлекеттік қызметшілер күні мен Полиция күніне арналған бұл салтанатты шара қоғам игілігі жолында қызмет етіп жүрген азаматтардың мәртебесін көтеріп, олардың еңбегіне деген құрметтің айқын көрінісі болды. Ел мүддесін бәрінен биік қоятын мамандардың кәсібилігі мен адалдығы мемлекетіміздің тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қызмет ете бермек.