1 маусымнан бастап Ескелді ауданында «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы өз жұмысын бастады. Жазғы маусымда еңбекке араласқан жасақ мүшелерінің басым бөлігі 14–15 жас аралығындағы жасөспірімдер. Олар ауданның көркеюіне өз үлестерін қосып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған түрлі жұмыстарды атқаруда.
Жасақ мүшелері күн сайын елді мекендердің көшелері мен аулаларын тазалап, гүлзарлар мен жасыл желектерді күтіп-баптауға белсенді қатысуда. Атап айтқанда, гүлдерді суару, қоқыс жинау, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және абаттандыру жұмыстары олардың негізгі міндеттерінің қатарында.
«Жасыл ел» бағдарламасының басты мақсаты – жастарды еңбекке баулу, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу және бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Осы арқылы жасөспірімдер еңбек мәдениетін меңгеріп қана қоймай, туған жерінің гүлденуіне де өз үлестерін қосуда.
Аудан тұрғындары да жасақ мүшелерінің еңбегіне оң бағасын беруде. Олардың жауапкершілігі мен еңбекқорлығы көпшілікке үлгі болып, ауданның тазалығы мен көркеюіне оң әсерін тигізіп отыр.
Жаз бойы жалғасатын еңбек маусымында жастар түрлі экологиялық және абаттандыру шараларына қатысып, аудан аумағын көгалдандыру жұмыстарына атсалысады. Бұл бастама жас ұрпақтың еңбекке деген сүйіспеншілігін арттырып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Ескелді ауданындағы «Жасыл ел» жасақтарының еңбегі – туған жерге деген қамқорлықтың жарқын көрінісі. Табиғатты аялау мен тазалықты сақтау жолындағы олардың игі істері көпшілікке өнеге болары сөзсіз.
Авторы: «Eskeldi jastary» филиалының маманы
Бейсенбай Аружан Ермекқызы