Мемлекеттік қызметте ресми ісқағаздарды сауатты жүргізу – уақыт талабы

Мемлекеттік тілдің қоғамдағы қолданыс аясын кеңейту және ресми құжаттардың сапасын арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта Жетісу облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Ескелді аудандық филиалында «Мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізу» тақырыбында арнайы курс ұйымдастырылды.
Курс мемлекеттік қызметшілердің қазақ тілінде ресми құжаттарды сауатты әзірлеу, рәсімдеу және іс жүргізу дағдыларын жетілдіруге бағытталды. Оқу барысында қатысушылар құжаттарды рәсімдеудің заманауи талаптарымен танысып, мемлекеттік тілдің ресми стильдегі ерекшеліктерін меңгерді. Сондай-ақ құжат мәтіндерін әзірлеу кезінде жиі кездесетін тілдік және стилистикалық қателерді болдырмау жолдары қарастырылды.
Курсты Ескелді ауданының 11 ауылдық округ әкімі мен 6 бөлім басшысы сәтті аяқтап, өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттырды. Тыңдаушылар теориялық біліммен қатар тәжірибелік тапсырмалар орындап, мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізу бойынша маңызды дағдыларды игерді.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оны басқару саласында кеңінен қолдану – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеттерінің бірі. Сондықтан мұндай курстардың маңызы зор. Олар қызметкерлердің тілдік сауаттылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілдің қызметтік қолданысын кеңейтуге ықпал етеді.
Курстың жоғары деңгейде ұйымдастырылып, нәтижелі өтуіне қолдау көрсеткен аудан әкімдігі аппаратының басшысы Берік Оңалбайұлына және ішкі саясат бөлімінің басшысы Асхат Сағидолдаұлына ерекше алғыс білдіреміз. Сонымен қатар оқу барысында белсенділік танытып, білімдерін жетілдіруге ұмтылған барлық тыңдаушыларға ризашылығымызды білдіреміз.
Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің, ұлттық болмыстың және тәуелсіздіктің негізгі тіректерінің бірі. Сондықтан оның қолданыс аясын кеңейту жолындағы бірлескен еңбегіміз әрдайым нәтижелі болып, мемлекеттік тілдің мәртебесі арта берсін.