31 шілде күні Талдықорған қаласының Тіл сарайында «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі. Жобаны іске асырудағы БАҚ-тың рөлі» атты тақырыпта облыстық ҚХА жанындағы жетекші журналистер мен сарапшылар клубының дөңгелек үстел отырысы өтті. Ауданымыздан «Жетісу шұғыласы» газетінің редакторы және журналисті, ішкі саясат бөлімі мен жастар ресурстық орталығының қызметкерлері қатысып, өз пікірлерін білдіріп қайтты.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Оның біріншісі «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын қарстыру болса, екіншісі «Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі» жобасының іске асырылуы болатын. Бір-бірімен сабақтас, өзара байланысып жатқан бұл екі тақырып – бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Осындай маңызды мәселелерді талқылау үшін «Огни Алатау» облыстық газетінің бас редакторы Атсалим Идигов, «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығының директоры» Тәңірберген Қасымберкебаев және облыстық Қазақстан Халық Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Сәуле Сұрабалдинова мәселенің мәнісіне тереңірек мән берді.
«Қазақтану» жобасы Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеуге бағытталған. Ал оның басты мақсаты — қай этносқа жататынына қарамастан, барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту.
«Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу» бастамасы – рухани жаңғыру талабы. Латын әліпбиіне көшудің мақсаты – балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызу.
Жиын соңы қызу пікір алмасуға және сұрақ-жауапқа ауысты.
Зейнегүл БЕЙБІТҚЫЗЫ,
«Жетісу шұғыласы».