Жаз басталып, күн жылына салысымен күрделі жөндеу, құрылыс салу, жол жөндеу сияқты жұмыстардың нағыз қызған ортасы биыл аудан орталығында жүріп жатыр. Қарабұлақ ауылындағы бірнеше мекемелерге жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары зор қарқынмен іске асырылуда. Соның бірі – ауданның орталығында орналасқан «Балдәурен» балалар балабақшасы.
Білім мекемелері ғимараттарының қауіпсіз, әрі жанға жайлы болуы жас ұрпақ өмірі үшін өте маңызды екені рас. Сол себептен де осыдан көп жыл бұрын бой көтеріп, қазірде тозығы жеткен, бұрын-соңды күрделі жөндеуді бастан өткермеген балабақшаға 133 168 000 теңге бөлінген болатын. Аталған мекемеге жүргізілетін жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен. Жұмыс қарқынын бақылау мақсатында құрылыс алаңына бет бұрып, құрылыс басшысы мен балабақша меңгерушісімен тілдесіп, қызу жұмыстың куәгері болдық.
Маусымның ортасынан басталған құрылыс өте жауапты, әрі күрделі болғандықтан, құрылысшы топ бұл ғимаратты жаңа оқу жылының басына дейін аяқтауға жоспарлап отыр. «Экспресс-Строй» ЖШС-нің басшысы Вагиф Кураевтың айтуынша күрделі жөндеу жұмыстары атына сай өте күрделілігімен ерекшеленеді. Себебі, тек қаңқасы (қабырғасы) ғана қалған ғимаратқа жүргізіліп жатқан жұмыс жаңа құрылыс болып есептелінеді.
— Жалпы құрылысқа 3 ай уақыт берілген. Оған қосымша 1 ай дайындық уақыты да бар. Кестеге сай барлық шаруаларымызды жасап үлгеріп жатырмыз. Қазір 25 жұмысшы жұмыс үстінде, қосымша тағы да 10-15 адам жұмысқа жұмылдырылмақшы. Бүгін ішкі жұмыстардың дайындығын бастап кеттік. Оның үстіне бөлінген қаражаттың арқасында жұмысымызды бір сәтке де тоқтатпай, құрылысшылары-мыз уақытымен жалақыларын алып тұрады», — дейді құрылыс басшысы.
Балабақша меңгерушісі Сәуле Қыдырманова балабақшаға келетін кішкентай бүлдіршіндерді қуантуға бар күш-жүгерімізді жұмсап жатырмыз дейді. 1968 жылы бой көтерген ғимаратқа жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, күрделі жөндеудің биыл атқарылып жатқанын айтады:
— Кішкентай тұрғындарымызды жыл сайын демалысқа жіберген 1 ай кезінде ұсақ-түйек жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұратын. Көріп отырғаныңыздай, биыл аса ірі күрделі жөндеуді бастан өткеріп жатырмыз. Балабақша ауданымыздың орталығында орналасқандықтан, біздің мекемемізге сұраныс көп. Оған қоса біздің барлық тәрбиешілерімізде 20 жылдық тәжірибелері бар. Сол себептен де болар ата-аналар балаларын бізге сеніп тапсырады», — дейді Сәуле Жақсылықбайқызы.
Иә, шын мәнінде, көптің ықыласына бөленіп жүрген ұжымның мерейі енді жаңа ғимаратпен бірге жандана түспек. Сәтін салса, қоңыр күзде қоныс тойларын тойлаудың куәгері боламыз.
Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА,
«Жетісу шұғыласы».