Абай Құнанбайұлына АРНАУ

Сан мың жүрек Абай деп соғып отыр,
Туғанына жүз жетпіс бес жыл толып отыр.
Замандас өзіңменен болмаса да,
Мына жұртың рухыңмен берік отыр.

Тауып айтар сөз төресін өзің едің,
Халқың десе таусылмас лебіз демің.
Қара сөзбен үлгі болған жастарыңа,
Сізді, сірә, қазыналы теңіз дермін.

Абайдың қазағымда орны бөлек,
Жырларымен жалынды соққан жүрек.
Туың сенің көгіңнен құламасын,
Өлеңіңнен ақының тапқан тірек.

Сен – ғасырсың, толғаған талай ойды,
Жасымадың, тік ұстап тұла бойды.
Санамызда мәңгіге жатталатын,
Қазақтың ақынысың сұңғақ бойлы.
Сен – толқынсың, алып тасты қопаратын,
Сен – ақынсың, елің айтып мақтанатын.
Сендей ұлды тарту етіп қазағына,
Төкті бізге Тәңірім мол шапағатын!

Шежіресің тарихтан сөз қозғаған,
Жалынсың сен тұтана сап лаулаған.
Тұлғасың сен мәңгілік қайталанбас,
Бар ғұмырын жыр жолына арнаған.

Сөздері ұрпағына жүрген тарай,
Өзгелерге үлгі боп келген Абай.
Жүз жасау жазбаса да маңдайына,
Тұғыры мәңгі берік, дана – Абай.
Мөлдір АХМЕТОВА,
Алматы облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығы Ескелді аудандық филиалының әдіскері.