ҰЛАНЫ БАР ЕЛДІҢ ҰРАНЫ БАР

7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай аудан орталығында орналасқан №15-603 әскери бөлімінде мерекелік іс-шара өтті.

Салтанатты рәсім барысында аудан әкімінің орынбасары Е.Әпеков Отанына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан әскерилерді төл мерекелерімен және жиналғандарды Ұлы Жеңістің 73 жылдығымен құттықтады. Іс-шараға Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Ещенко арнайы шақырылды. Ашық аспан астында бейбіт өтіп жатқан ауқымды шараны зор ықыласпен қабылдап, игі тілегін тіледі.

Мейрам қарсаңында әскери бөлімшенің қызметкерлеріне әскери шен тағайындалып, ұлттық армияның ел тәуелсіздігі мен тұтастығының тірегі екені тағы бір дәлелденді. Алаңда көздің жауын алатындай қаздай тізілген сарбаздардың әскери шеруі өтті. Шара барысында ескерткіш алдына гүл шоқтары қойылып, мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.