ЕСКЕЛДІЛІКТЕР ЕЛБАСЫ МАҚАЛАСЫНА ҮН ҚОСТЫ

Елбасына күн туса есі кетпей, керісінше бірлік, түсінушілік туының астына жұмыла жиналатын халықтың ұрпағымыз ғой. Әлемді дүр сілкіндірген қауіпті дерт те біздің елді айналып өтпеді.
30 жыл ел басқарған Елбасымыз өзінің тағы да көрегендігін көрсетіп, халыққа өзінің Үндеуін жолдады. Айтып келмеген дертке халық болып жұмыла төтеп беруге шақырған Елбасымыз елімізді қатаң түрде сақтық шараларын жасауға шақырды. Мемлекет тарапынан індеттің алдын алу мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатқандығына да тоқталды. Президенттің жасап жатқан жұмыстарына да жақсы бағасын беріп, барынша қолдау көрсетуге шақырды. Тәуелсіздік алған жылдардағы қиындықтарға қарағанда бұл қиындық біздің елімізге аса ауыртпалық туындатпайтынын жеткізді. Сол кезеңдерді біз татулық, достық қасиеттеріміздің арқасында жеңіп шыққанымызды тағы бір мәрте еске түсірді.
Біз ең бай мемлекет екеніміз жасырын емес. Мұнай мен газымыз бар. Тек қана осы байлықтарға сенім артып, арқаны кеңге жайып жататын уақыт еместігін, барынша ел экономикасын құлдыратып алмауымыз қажеттігін айтты.
Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н. Назарбаев «Бiрлесе бiлген ел бәрін жеңеді» атты Қазақстан халқына үндеуi әрқайсымызға рухани дем болары ақиқат.
Қандай жағдай болмасын Елбасы бізбен бірге екенін айта келе: «Еліміздің ең үлкен байлығы – адам мен оның өмірі болғандықтан, әрбір адам өзінің, отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қа-рауы керек. Өйткені, ұлт денсаулығы – мемлекет қауіпсіздігінің құрамдас бөлігі», – деп баса көрсетті. Бұл біздің елдің әрқашан да бірге екендігін көрсетеді.
Біз біргеміз! Келген қиындыққа мойынсынбай, қайыспай, белімізді бекем буып, береке-бірлігімізден ажырамайық!
Қуат АЛПЫСБАЕВ,
аудандық мәслихаттың депутаты.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Бірлесе білген ел жеңеді» атты мақаласын бір кісідей оқып, жүрегім тебіренді.
Еліміз бен жерімізге тұтқиылдан келген індетпен қалай күресу керек екендігін аталмыш мақалада нақты айтылып тұр. Қазақ халқының ұлы тұлғалары мен билерінің елдік, бірлік, тәртіп, тыныштық, ынтымақ жайлы нақты сөздерін мысалға келтіріп, қазақ халқының осы аталған нақыл сөздерді мұқият орындаса, бұл кеселден тез арада құтылатынымызды тілге тиек етті.
Ата Заңымыздың бірінші бабында «Ең қымбат дүние – ол адам өмірінің қауіпсіздігі» деп анық көрсетілгендей, басым байлық қазіргі уақытта – халқымыздың денсаулығы екенін де баса айтты.
Сол халық денсаулығын қорғау үшін елімізде төтенше жағдай жарияланған, ірі қалалар карантинге жабылып, тиісті іс-шаралар қабылдануда. Тәуелсіздік жолдары дұрыс жүргізілген реформалар аясында көптеген тұрғын үйлер салынып, жолдар мен теміржолдар пайдалануға берілді. Қазақстанның мыңдаған ауылдарына ауыз су жүйесі тартылып, көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылды. Білім ошақтары жас ұрпақтың тәрбиесі үшін жаңадан бой көтеріп, ұлт денсаулығын жақсарту жолында ауруханалар мен емханалар қолданысқа енгізілді. Сапалы мал және егін шаруашылықтарының нәтижелі атқарған еңбектің арқасында мол өнімге қол жеткізіп, рекордтық көрсеткіштер пайда болды.
Еліміздің бас қаласы – Нұрсұлтан еңселі, айбарлы болып бой көтеріп, бүкіл қазақстандықтардың мақтаныш символына айналды. Ең бастысы, қазіргідей қиын-қыстау кезде барша қазақстандықтарға сабырлық пен шыдамдылық, төзімділік өте қажет.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бұл мақаласы барша қазақстандықтардың баянды болашақ пен кемелді келешекке деген сенімдерін нығайта түскені аян. Елбасының аталмыш мақаласын оқып, мәртебеміз көкке бір елі жетпей қалды. Бұл мақаланы қолдап қана қоймай, елге, жұртқа кеңінен насихаттап түсіндірейік ағайын.
Айтылған жақсы ой-пікірлер елімізді алға сүйреп, жерімізді жаман індеттен аулақ болуға шақырады.
Отандастарым, бірігейік! Бірігіп қана біз бұл індетті жеңе аламыз!
Дәулет ИДРИСОВ,
«Nur Otan» партиясы Ескелді аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Елбасы өзінің халыққа арнаған үндеуі арқылы халықты бірігіп күш болуға, сабырға шақырып, бір жағдайға түсіністікпен қарауын сұрады.
Біз, қазақстандықтар, өз игілігіміз ұрпағымыздың амандығы үшін бұл сынаққа шыдайық. Жарқыраған жарық қуанышты күндеріміз әлі алда.
Ел қамы үшін жандарын шүберекке түйіп індетпен қоян-қолтық күресіп жүрген дәрігерлерімізге тек осылай ғана көмектесе аламыз. Баршаңызға амандық-саулық, ашық аспан тілеймін.
Бағлан ЖАПАБАЕВ,
аудандық мәслихаттың депутаты.
Елбасымыздың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деп жолдаған үндеуі осы әлемді дүр сілкіндіріп жатқан індеттің кезінде қазақ халқына үлкен қолдау болып, жүрекке жылу сыйлағандай.
Осындай қиын шақта Тұңғыш Президентіміздің өз отандастарымен бірге болғаны әр қазақтың жүрегіне сенім ұялатқанына сенімдімін. Бар әлем болып күресіп жатқан бұл індетті жеңу баршамызға ортақ мақсат, осындай кезде қазақ халқының көпұлтты болғанына, достыққа берік болғанына қуанамын. Елбасымыз тілге тиек еткен Абай атамыздың дана қағидасы «Кімге достығың болса, достық достық шақырады», сондықтан біз доспыз, біз біргеміз, бірлесіп бәрін жеңеміз!
Берік ДҮЙСЕБАЕВ,
«Қарабұлақ» бастауыш партия
ұйымының төрағасы.