ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ — ДҰРЫС ШЕШІМДЕРДІҢ БІРІ

Елімізде төтенше жағдай жариялануына байланысты Қазақстанның барлық мектеп оқушылары төртінші тоқсанды қашықтықтан оқуға көшірілді.
Біз үшін қашықтықтан оқыту – бүгінгі таңдағы тығырықтан шығар жолдың бірі. Бұл тоқсан біз үшін ерекше. Өйткені, қашықтықтан оқыту форматы бойынша алғаш рет оқуды бастадық. Бұрын-соңды үйреншікті болмаған іске қысқа мерзім ішінде Мелькомбинат негізгі орта мектебінің мектеп әкімшілігі, қашықтықтан оқытуға көшу үшін мектеп ұстаздарына арнайы онлайн семинарлар мен бейнеконференциялар ұйымдастырып, оқушылардың жаңаша форматтағы оқуда сапалы білім алуы үшін дайындық жұмыстарын жүргізді. Бұл дайындық жұмыстары мектебіміздің мұғалімдері мен мектеп оқушыларының арасындағы тығыз байланыстың орнауына ықпал етті. Мектебіміздің пән мұғалімдері мен сынып жетекшілері қазіргі таңда белсенді түрде жұмыс атқаруда. Үйде отырып жұмыс жүргізгеннің өзінде оқушылардың әрқайсысымен жеке-жеке байланысқа шығып жатыр.
Мен қызмет атқаратын мектептің мұғалімдері «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай айтқандай, таңның атысы мен күннің батысына дейін әр оқушымен үнемі WhatsApp, Telegram, Bilimland.kz, Daryn.online, Kundelik.kz, т.б интернет платформалары мен мектеп бойынша құрылған «Мектеп операторлары» арқылы үнемі байланысқа түсіп, тығыз қарым-қатынас орнатып, оларға сапалы білім мен өнегелі тәрбие беру үстінде. Көктемгі демалыс кезінде мектеп мұғалімдері сапалы дайындықтан өтіп, қашықтықтан оқыту процесінде нәтижелі сабақ беріп жүргендері үшін, оқушылардың ата-аналары мектеп ұжымы мен ұстаздар қауымына деген алғыстарын жеткізіп жатыр.
Сонымен қатар, мектеп оқушыларының бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы «Сегіз қырлы, бір сырлы» атты топ ашылып, оқушылармен күнделікті жұмыс жүргізілуде. Бұл топта мектеп оқушылары өздерінің бос уақыттарында шахмат, тоғызқұмалақ ойындарын, ән айтып, би билеп, спорттық жаттығулар жасап және ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына ұлы ақынның өлеңдерін жатқа айту эстафетасын видео және фотосуреттерін топ сайтына жүктеу арқылы жұмыс жүргізіледі.
Қашықтықтан оқыту – елімізде пайда болған жұқпалы індеттен адам өмірі мен оның денсаулығын аман сақтап қалу үшін қабылданған дұрыс шешімдердің бірі.
Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Біз рухы асқақ, бірлігі жарасқан халықпыз. Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, басымызға түскен қиыншылықты бірлесе отырып жеңеміз деген ойдамын!
#БІЗБІРГЕМІЗ
Қайрат ҚУАНЫШБАЕВ,
Мелькомбинат негізгі орта мектебі
тарих пәнінің мұғалімі.