Жиынға коалиция өкілдері Саскебаев Азамат Ержанұлы және Хильниченко Александр Викторович қатысып, алдағы референдумның ел болашағы үшін маңыздылығы туралы мазмұнды пікір алмасты.
Кездесу барысында азаматтық жауапкершілік, құқықтық сауаттылық және қоғам белсенділігі мәселелері кеңінен қозғалды. Алғаш болып сөз алған Азамат Ержанұлы Конституция жобасының экономикалық бағыттарына кеңінен тоқталды. Ол құжатта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы орта қалыптастыру, жеке меншік құқығын қорғау, адал бәсекелестікті қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалғанын жеткізді. Бұл өзгерістер ел экономикасының тұрақты дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға серпін береді.
– Жаңа Конституция – жай ғана заңнамалық өзгерістер жиынтығы емес. Бұл – әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Әр азаматтың үні естілетін, ашық әрі жауапты мемлекет құру – ортақ мақсатымыз. Сенім мен серіктестік тек ашық диалог арқылы нығаяды, – деді Александр Хильниченко.
Кездесу барысында қатысушылар өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсынылған өзгерістердің қоғам өміріне ықпалы туралы пікір алмасты. Ашық форматта өткен басқосу қатысушылардың құқықтық сауаттылығын арттырып, референдумның маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
Жиын соңында спикерлер ұжым мүшелерін алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырып, ел тағдырына бейжай қарамай, саналы таңдау жасауға үндеді. Себебі тағдыршешті кезеңде қабылданатын шешім – әр азаматтың жауапкершілігі мен ел болашағына деген жанашырлығының көрінісі.
Мұндай кездесулер халықпен ашық пікір алмасуға, саяси реформалардың мән-маңызын түсіндіруге және қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталған. Ел ертеңі – бүгінгі қабылданатын парасатты шешімдерге тікелей байланысты.
