Жаңа Конституция – ел дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи құжат. Ол қоғам сұранысына жауап беріп, мемлекет пен азамат арасындағы өзара жауапкершілікті нығайтуды көздейді. Ең бастысы – бұл өзгерістер халықтың тікелей қатысуымен жүзеге асуда. Конституциялық реформаларды жалпыхалықтық талқылауға шығару және референдум өткізу – шынайы демократиялық қадамның көрінісі.
Конституция – мемлекеттің ғана емес, әрбір отбасының қорғаны, әр азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі. Сондықтан Негізгі заңға енгізілетін әр өзгеріс ел болашағына тікелей әсер етеді. Жаңа жобада адам құқықтарын қорғау мәселесіне айрықша мән берілген. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтіліп, әділдік пен заң үстемдігі қағидаттары нақты бекітілуде.
Сонымен қатар, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікке ерекше назар аударылған. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Халықтың саяси үдерістерге белсенді араласуына мүмкіндік беретін тетіктер кеңейтіліп, қоғамдық пікірдің рөлі арта түсуде.
Жаңа Конституцияда цифрлық дәуір талаптарына сай нормалардың енгізілуі де – уақыт талабы. Қазіргі заманда азаматтардың құқықтары тек дәстүрлі кеңістікте ғана емес, цифрлық ортада да қорғалуы тиіс. Осы бағыттағы бастамалар құқықтық мемлекеттің берік негізін қалыптастырады.
Бұдан бөлек, дәстүрлі құндылықтарды сақтау, отбасы институтын қорғау, дін мен мемлекеттің ара-жігін ажырату мәселелері де нақты көрініс тапқан. Бұл қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға ықпал етеді.
Жаңа Конституция – халық үніне құлақ асатын, әділдікке негізделген қоғам құру жолындағы батыл қадам. Ол заң мен тәртіп үстемдік құрған, адам құқығы қорғалған, болашағына сенімді мемлекет қалыптастыруға қызмет етеді. Ендеше, ел тағдырына қатысты маңызды бастамаларға атсалысу – ортақ жауапкершілігіміз.
Диана Дауренқызы