📌«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» өңірлік коалициясының өкілдері Арыстанғали Арын, Рахмет Есдаулетов, Мейрман Тлеуберлинов, Жеңіс Жолдыбаев, Сайран Жасұланұлы,Жанат Оспанов Ескелді ауданында жергілікті тұрғындармен ашық диалог жүргізді.
🔹Алғысөзде Арыстанғали Арын Жаңа Конституция жобасы әлеуметтік бағыттағы нормалар да кеңінен көрініс тапқанын атап өтті.
– Жаңа Ата заң жобасында халықтың тұрмысына қажетті жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі екені нақты айқындалған. Сонымен бірге, мемлекет азаматтардың денсаулығын сақтауға, сапалы білім алуға және әлеуметтік қамсыздандыруға кепілдік беретін нормалар нақтыланады. Яғни, «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидат жаңа Конституция жобасында берік орныққан, — деді спикер.
🔹Артынша сөз тізгінін тартқан Рахмет Есдаулетов жаңа жобада тұрғындардың өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік және экономикалық қолжетімділікті кеңейту, ауыл шаруашылығын қолдау, фермерлер мен агроөнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту, жергілікті өндірісті нығайту, табиғи ресурстарды экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып тиімді пайдалану турасындағы мәселелер таразыланғанын жеткізді.
-Конституция негізінен мемлекет мүддесі мен өкілеттігін қамтыған болса, жаңа Ата Заң ел дамуының адами өлшемін енгізді. Сол үшін адам құқықтары негізгі басымдық ретінде айқындалды. Жаңа Ата заңда «адам» деген сөз қазіргі Конституциямен салыстырғанда 1,5 есе көп қолданылған, яғни, 76 рет аталған. Бұл да жайдан жай емес. Мәселе қайта-қайта аталуында емес, мәселе – көптеген нормаларда адамның мүддесі, адамның құқықтары қамтамасыз етілген, — деді Рахмет Есдаулетов.
📍Кездесу барысында қатысушылар конституциялық бастамаларды іске асыру мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлерін айтты. Жалпы жиынның ашық форматта өтуі ұжым мүшелеріне өз пікірін білдіруге және өзекті сауалдарға жауап алуға мүмкіндік берді.