ҰСТАЗ ЖОЛЫ — ҰЛЫ ЖОЛ

Адамды түзу жолға салып, сүрінгенде қайта тұруға демеу беретін жан – ұстаз. Осынау ұлы сөзде қаншама мейірімділік, қаншама жылуылық бар.
Жақында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Титов атындағы орта мектебінің 5 «б» қазақ сыныбы мен 5 «в» орыс сыныбының қатысуымен ардагер ұстаз Ғазиза Жұбановаға арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Бұл шарада Гүлнара Жакишева мен Айнұр Мұратбекова сынып жетекшілері басшылық жасап, жоғары деңгейде өткізді. Екі сыныптың оқушылары тамылжыта ән салып, мың бұрала би билеп, ардагер ұстазға ұмытылмас естелік сыйлады.
Келесі кезекте мектеп директоры Әбдікәрім Қаймулдинов сөз алып, өнегелі ұстаздың өмірінен сыр шертті. Айта кетсек, Ғазиза Қанапияқызы Титов атындағы орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берген. Еңбек өтілі 39 жыл. Мектеп қабырғасында талай жыл абыроймен ұстаздық қызмет атқарған. Ғазиза Қанапияқызы шет елдерде білім алып, сабақ өткізудің көптеген қызықты әдіс-тәсілдерін үйренген. Сабақта бар білгенін оқушыларға үйретіп, әрбір сабақтың қызықты өтуін қамтамасыз етіп отырған.
Алғашқы еңбек жолын 1980 жылы «Ромашка» балабақшасында тəрбиеші болып бастаған. Одан аудандық пионерлер үйінің директоры, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектебінде ғылыми-əдістемелік жұмысы бойынша мектеп директорының орынбасары, орыс тілі пəнінің мұғалімі. Г.Титов атындағы мектебінде əдістемелік жұмысы бойынша мектеп директорының орынбасары, орыс тілі пəнінің мұғалімі болып қызмет атқарған және аудандық білім бөлімінің əдістемелік кабинетінің меңгерушісі сияқты қызметтерді атқарған.
1994 жылы ҚР Білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталып, 1998 ж. ҚР білім беру озаты атанған. 2014 ж. Алматы облыс әкімінің Құрмет грамотасын иеленді.
Тағылымы мол шара барысында оқушылар ардагер ұстазға өз мамандығы жайында сұрақтар қойып, қызықты әңгімелерден құлағдар болды. Ғазиза Жұбанова оқушыларға амандасудың өзі әдептіліктің үлкен бір діңгегі, ал үлкенді сыйлау жас буынның міндеті екенін айтып өтті. Қазіргі таңда Ғазиза Қанапияқызының шәкірттері Нұр-Сұлтан, Алматы, Талдықорған қалаларында мәртебелі қызмет атқарып, еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосуда.
Шара соңында оқушылар ұстазды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, гүл шоғын табыстады. Ғазиза Қанапияқызы өз тарапынан оқушыларға жүрек-жарды ақ тілегін айтып, алғысын білдірді.
Алима МҰРАТҚЫЗЫ,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы.