ЖАЙДАРЫ КӨҢІЛ СЫЙЛАҒАН ЖАЙДАРМАН

2020 ЖЫЛ ЕЛІМІЗДЕ «ЕРІКТІЛЕР ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАНДЫ
Осыған орай ақпан айының 28-ші жұлдызында аудандық Мәдениет үйінде Алматы облысы «Jas Otan» ЖҚ-ның және «Nur Otan» партиясының қолдауымен, Ескелді ауданының жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ерікті болу – ерлік» атты «Жайдарман-2020» ауданаралық фестивалі өтті.
Ойынға Талдықорған қаласы мен облыс аудандарынан барлығы 13 команда қатысып, өзара бақ сынасты.
Сайыс қорытындысы бойынша дүбірлі додада топ жарып, қарсыластарынан алға шығып, І-ші орынға Талдықорған қаласының «Амиго» құрамасы көтерілді. ІІ-ші орынды Көкжазық ауылының жас еріктілерінен құралған «Көкжазық жастары» тобы иеленсе, ІІІ-ші орынды Қоңыр ауылдық округінен «Қоңыр ауылының» құрама командасы табан тіреді.
Ойын өз деңгейінде өте қызықты өтіп, жайдарманшылар көрермендер мен әділқазылар алқасының ықыласы мен қошеметіне бөленді. Команда ойыншыларының астарлы әзілмен қозғаған әлеуметтік мәселелері мен әртістік шеберліктері де назардан тыс қалмады.
Шара соңында жеңімпаздарға ұйымдастырушылардан алғыс хаттар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.