ЖАС ДАРЫНДАР ДАРАЛАНДЫ

Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерін қарап отырсақ, ең алдымен елді бірлікке, одан кейін еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Бұл ұстанымдар біздің ұлттық идеологиямызға айналуы керек», – деп, ұрпақ тәрбиесін Яссауи ілімімен ұштастыру қажеттігін атап көрсетті.
Өткен бейсенбіде ауданымызда жылда дәстүрлі түрде өтетін, Шестаков атындағы орта мектебінің мәжіліс залында қасиетті әулие бабамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған мектеп оқушылары арасында Аудандық «Яссауитану» байқауы өтті.
Жалпы байқау қазақ халқының рухани тұтастығын қалыптастырған, түркі халықтарының рухани ұстазы Қожа Ахмет Яссауидың рухани бай мұрасын насихаттау мен жастардың бойына адамгершілік, елжандылық, ынтымақшылдық, сонымен қатар, Яссауи мұрасына құштарлық қасиеттерін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында өткізілді.
Ең алдымен, байқау барысында Қ.А.Ясауидың қысқаша өмірбаяны мен кесенесі, суреттері интерактивті слайд тақтада көрсетілді.
Байқау шарттары бойынша ІІ кезеңнен тұрды.
Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар Яссауидың 25 хикметін жатқа жыр эстафетасы үлгісімен айтып шықты. Ал жаңылысқан оқушылар 3 рет артқа кері 3 адым шегініп, байқаудан шығарылып отырды. Екінші кезеңде оқушылар арнайы дайындалған Яссауи бабамыздың өмірі мен қызметі, ілімі мен мұрасы, кесене тарихынан билет сұрақтарына жауап берді.
Үлкен үмітпен келген үміткерлерді бабамыздың аруағы қолдап, қатысушылар кез-келген хикметті ары қарай іле жалғастырып айтып кетті. Жалпы, байқау тартысты әрі әділ өтті.
Келесі кезекте, сайысқа қатысушылардың білімін сарапқа салған қазылар алқасының мүшелері – аудандық білім бөлімінің бас маманы, әдіскер ұстаз Назгүл Мұқажанова мен «Алматы облысы дін істері басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аймақтық инспекторы Айдос Исаев сөз алып, жеңімпаздарды жүлделі орындарымен құттықтады.
«Яссауитану» байқауының екі кезең қорытындысы бойынша ортасынан озып шыққан Шестаков атындағы орта мектебінің 8-ші сынып оқушысы Алтынай Биғашева мен Жетісу орта мектебінің 9-шы сынып оқушысы Жақыпнұр Тұрсынәлі ІІ орынды иеленсе, Жақыпбаев атындағы орта мектебінің 8-ші сынып оқушысы Жанбота Жеңіс І орынды иеленіп, облыстық деңгейде өтетін байқауға жолдама алды.
Сонымен қатар, орын алған оқушылар аудандық ішкі саясат бөлімі тарапынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ауданымызда өткізіліп жүрген бұл байқау осылайша жылда жемісті нәтижелерін көрсете берсін. Ал жеңімпаздарға облыс-тық кезеңдерде ауданның мәртебесін абыроймен қорғап шығуларына шын жүректен тілектеспін!
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.