АҢШЫДАН СЫРАЛҒЫ, БАТЫРДАН ОЛЖАНЫ…

Өткен аптада «Рухани жаңғырудың» жалғасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында, Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Жетісудың мекені, киелі Ескелді ауданына республикамыздың түкпір-түкпірінен ардагер-құсбегілер «Салбурын» республикалық турниріне жиналған болатын.
Аңшылық өнерді жанына серік етіп, екі күн бойы қырандарының бағын сынауға батыстан «Атырау», шығыстан «Тарбағатай» командалары мен «Жетісу» мен «Ерен қабырға» командасы қыранын баптап, сәйгүлігін сайлап жиналды.
Жалпы салбурын дегеніміз – аң аулау. Яғни қыстың маусымы кезінде аңшылар топталып, аңы мол жерлерге сапар шегеді. Жақсы ат, қыран, бапкер құсбегілер, білгір саңлақ саятшылар, құралайды көзге атқан мергендер, елгезек атшы-қосшылар бас қосады.
Ел-жұрттан аулақ иенге шығып, қос тігіп, айлап жатып аң аулайды. Олардың ішінде әнші, күйші, жыршылар да болады. Күндіз жан-жаққа бытырап, аң аулауға кетеді де, кешкілік от басына жиналады. Жастарға қай бүркітті қалай күтімге алу керектігі үйретіледі.
Салбурынға шығушылар әңгіме-дүкен құрып, бір-бірімен құсбегілік тәжірибелерімен бөліседі. Салбурында олжа тең бөлінеді. «Аңшыдан сыралғы, батырдан олжаны» салты осыдан қалса керек.
Құсбегілер арасында өткен ұлттық құсбегілікті насихаттау дәстүрлі шарасы тартысты өтті.
Ардагерлер арасында өткен осы «Салбурын» республикалық турнирі де өз мәресіне жетіп, жүзден жүйрік атанған жеңімпаздарды марапаттау шарасы өтті.
Шара барысында сахна төріне «Қыран» федерациясы-ның атқарушы директоры Бағ-дат Мүптекеқызы және «Қыран» федерациясының вице-президенті Бүркітбай Файзолла-ұлы құттықтау сөз айтып, екі күн бойы серіліктері мен өжеттіктерін ортаға салған құсбегілерді марапаттады.
Дүбірлі дода құсбегіліктен ардагерлер арасында өткен республикалық турнирде ІІІ-ші орынды Алдаберген Шәріпов, ІІ-ші орынды Нұғым Қайдарұлы иеленді. Ал І-ші орынды Сүлей Әбдікәрімұлы қанжығасына байлап, 40 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді. Барлық жеңімпаздарға ұлттық спорт комитетінің медалі мен кубогі табысталды.
Сонымен қатар, халқымыздың қанында бар өнерді жұтатпай, қазіргі ұрпаққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған шараға белсене қатысқан ардагерлерге, Қазақстан Республикасының ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрметті президенті Бекболат Қанайұлы Тілеуханның алғыс хаттары берілді.
Шара соңы концерттік бағдарламамен ұласты. Қолына қыран құс қондырып, ата-салт, қанымыздағы асыл өнер – құсбегілік пен ұлттық құндылығымызды жалғастырып келе жатқан осындай ардагерлеріміздің бары көңілге қуаныш ұялатады.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.