Өткен жұмада Жалғызағаш ауылдық округінде мекеме қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Ауған соғысының аяқталуына 31 жыл толуына орай «Ардагерлер – асыл ерлер» атты Ауған соғысы ардагерімен кездесу өтті.
1979 жылдың 25-ші желтоқсанында Кеңес үкіметін басқарушылардың дарынсыз саясаткерлерінің кесірінен Ауғанстанға әскер енгізіліп, ол соғыс он жылға созылды. Ауғанстан жеріне Алматы облысынан 2 мыңнан астам жауынгер аттанып, оның 117-сі интернационалистік борышын өтеу барысында мәңгілік көз жұмды, 18-ге толған екеуі хабарсыз кетті, өмірді енді бастаған қаншама боздақтардың мәйіті жерленді.
Ауыл әкімшілігінде аталып өткен кездесуге Ауған соғысына қатысқан жауынгер Қайрат Садықұлы Бидайбеков арнайы шақырылды.
Ауған соғысының ардагері Қайрат Садықұлы туралы айта кетер болсақ, ол 1960 жылы 26 сәуірде Биғаш ауылында Ұлы Отан соғысының ардагері Садық Бидайбеков атайдың отбасында дүниеге келген. 1975 жылы Жалғызағаш орта мектебін бітіріп, 1979 жылға дейін колхозда қызмет етті.1979 жылы әскер қатарына шақырылып, 1980 жылдың қаңтарынан 1981 жылдарға дейін Ауғанстан жерінде интернационалдық борышын өтеуде көрсеткен ерлігі үшін мақтау қағазы беріліп, сол жылы «70 лет Вооруженных сил СССР Медалімен, 1989 жылы «Войну-интернационалисту» медалімен марапатталды.
Ауған соғысына қатысқан тағы бір жауынгердің бірі Жалғызағаш мектебінің түлегі, жерлесіміз Еділ Боранбаев еді. Еділ Боранбаев Қабдолдаұлы 1962 жылы Жалғызағаш орта мектебін үздік бітіріп, Көксу ауылшаруашылық техникумына аграном мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1981 жылы техникумды үздік дипломмен аяқтады.
Сол жылы сәуірде әскер қатарына шақырылып, Түркімен жерінде Красноводск қаласына әскери міндетін атқаруға жіберілді. Ол Ауғанстан демократиялық республикасының астанасы Кабул қаласындағы 51884 «И» әскери бөлімінде қызмет атқарды. 1983 жылы ақпанда Кабул қаласының маңында Карабин-Рим елді мекенін бандалардан тазарту операциясы Еділ атқаратын атқыштар бөлімшесіне тапсырылды.
Осы ұрыста Еділ ауыр жараланып, Кабулда әскери госпитальде ота жасалынып, Ташкент қаласына жіберілді. Ол 1983 жылыдң 5-ші наурызында өзі туып-өскен Биғаш ауылында жерленді. Ауған соғысында көрсеткен ерлігі үшін оны «Ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапаттады. Қазіргі таңда Биғаш ауылындағы бір көшеге Еділ Боранбаевтың есімі берілді. Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 40-жылдығына арналған обелискіде соғыстан қайтпай қалған аталарымыз бен Ауған соғысының құрбаны Еділ Боранбаевтың есімдері жазылған. Бұл күн біздер үшін қайғы болып қатталып қалса да, Тәуелсіз Қазақстанның әрбір күні бейбіт өмірдің бесігінде тербетіліп, әрбір үйдің түтінінің түзу шыққанын тілейтін біздер үшін санамызда қанмен және термен жазылған күн болып қала бермек.
Бұл кешті ұйымдастырудағы мақсат – Ауған оқиғасының тарихи мағыналық ақиқатын ашу. Сонымен қатар, Тәуелсіздік жолында күрескен аға-ларымыздың ерлігін кейінгі ұрпаққа үлгі ете отырып, жастарды отансүйгіштікке, ерлікке баулу және санаулы қалған Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету болып табылады.
Шара барысында ауыл әкімі Е.Алпысбаев ардагер Қайрат Бидайбековті мерекесімен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасына амандық тілеп, кішігірім сый-сияпат көрсетті. Мекеме қызметкерлері де ардагермен мақтанатыны туралы айта кетті.
С. ЗӘКІРҚЫЗЫ,
Жалғызағаш ауылдық клубының әдіскері.