“Сыбаға” — ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасы

«Алтыншыдан, ауыл шаруашылығын, әсіресе, ауыл шаруашылығы өніміне өсіп отырған жаһандық сұраныс жағдайында ауқымды жаңарту қажет.

… аса ірі экспорттық нарықты меңгеру үшін біз қай азық-түліктің жаппай өндірісін басты етіп қоятынымызды айқындауымыз керек».

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауынан.

Мемлекет басшысы елімізде таяудағы бес жылдың ішінде ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту міндетін қойды. Ал мұны шешу үшін үкіметтік деңгейде кешенді шаралар алу қажет болды. Соның бірі – мал шаруашылығын дамыту үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелеуді көздейтін 2011-2015 жылдарға белгіленген «Сыбаға» бағдарламасы.

«Сыбаға» – ауыл шарушылығын қолдау бағдарламасы. Мемлекеттің ауыл халқына өз шаруашылығын бастап, дамытуға қомақты көмек көрсететіні белгілі. Қолдау көрсету барысында әртүрлі бағдарламалар ішінде «Сыбаға» бағдарламасы ауыл адамдарының үлкен назарына ілікті. Бағдарлама бойынша асыл тұқымды жас малды қалпына келтіру үшін агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ірі қара малдың сиырларын және тұқымдық бұқа сатып алуға, негізгі құралдарды сатып алу және жөндеу, айналымдағы қаражатты толықтыру мақсатында 1 млн. теңгеден 18 млн. теңгеге дейін 7 жыл мерзімінде заңды тұлғаларға, шаруа қожалықтарына, жеке кәсіпкерлерге ставкасы жылдық 6% сыйақы мөлшерінде қарыз беріледі.

Осы бағдарламаны іске асыру барысында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ үлкен жұмыстар атқаруда. Қазіргі таңда осы қордың Алматы облысындағы филиалы өз бизнесін бастау немесе дамыту мақсатында аудандарға іссапарға шығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Осы аптада «Ауыл шаруашылығын қолдау қорының» директоры Мәди Ибадуллаев аудан әкімдігіне несие алуға өтінішпен келген жеке азаматтар мен шаруа қожалықтарының иелеріне «Сыбаға» бағдарламасы аясында кеңінен түсіндіріп, жиналғандардың сұрақтарына жауап берді.

Семинарға аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Керікбаев төрағалық етті. Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның мамандары, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалығының басшылары, ардагерлер кеңесі, кәсіпкерлер палатасы және басқа да өкілдері қатысты.

Мәди Ибадуллаұлы:

– «Сыбаға» бағдарламасы екі бағытта беріледі. Біріншісі – мүйізді ірі қара мал өсіруге болса, екіншісі – мүйізді ұсақ мал сатып алып өсіруге бағытталады. Осы бағдарлама бойынша несие алу арқылы шаруа қожалығы, фермер ірі қара малдың басын арттыруға, тауарлық табынның тұқымын жақсартуға ат салысады және сиыр еті экспортына бағытталған мемлекеттік бағдарла-маның қатысушысы болады. Бағдарлама аясында бөлініп жатқан несие қаражаты шаруашылықтың ұлғаюына ғана емес, сонымен қатар сапалы дәрежеге жетуіне де мүмкіндік береді.

Бағдарламаның шаруаға беретіні көп. Осы арқылы ол отандық селекцияның асыл тұқымды өндіруші бұқаларын сатып ала алады. Одан әрі селекциялық жұмыстар жүргізеді. Мемлекеттің қолдауына ие болып, мал азығын дайындауды арзандату үшін берілетін субсидияларға қол жеткізеді», – деп толықтай айтып өтті.

Тұрғындардың сұрақтарына жауап беру барысында етті мал шаруашылығын дамытудың жаңа бағдарламасында тұжырымдалған басымдықтар мен тетіктер Мемлекет басшысының отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыру, бірінші кезекте АӨК-тегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шарушылығы өнімдерінің экспортын кемінде 2,5 есеге арттыру жөніндегі міндеттерін тікелей жүзеге асыру болып табылатынын тиек етті.

Төрт түлік малды да әлемнің озық елдері сынды өркениетті бағып үйренудің кезеңі келді. Елбасы биылғы халыққа арналған Жолдауына дейін де экспортқа ірі көлемде ірі қара малдың етін шығару міндетін қойғаны белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Сол себептен үкімет «Сыбаға» бағдарламасын қолға алды. Егер тереңірек үңіліп қарасақ, бұл – мал шаруашылығын, осы саладағы тауар өндірушілерді әлемдік өркениетті жолға салудың ықпалды шараларының бірі.

Әрине, мұндай тың шараны өндіріске енгізе салу оңай мәселе емес. Сондықтан ауыл шаруашылығы саласының түрлі құрылымдары, қаржы институттары мамандары аудандар мен ауылдарға жиі шығып, ірі қара мал етінің әлеуетін дамыту жобасын жүзеге асырудың жолдарын көрсетеді.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА.