Жасампаздықты алаулатқан ару қала

Биылғы жаз әдеттегіден өзгешелеу болып тұр. Көктем ауық-ауық жауған нөсерлі жаңбырымен кейбір аймақтардың жұртшылығын біраз әбігерге салса, одан кейінгі мезетте аракідік болса да дүлей соққан желімен есте қалды. Енді міне, жаз да өктемдігін көрсетейін деп аптап ыстыққа ұласты. Бұл – табиғат заңы. Оны өзгертуге шараң жоқ. Тіпті өзгертудің де қажеті жоқ. Табиғат Ана қандай «сый» сыйлады, соған тәубе деп ғұмыр кешуге тура келеді.
Иә, бұл – өмір ағымы. Сол өмір ағымымен ғұмыр кешкен халқымыз жасампаз еңбектің ерен үлгісі негізінде бой көтерген жаңа Елордамыз – Астананың 20 жылдық мерейтойын да үлкен сән-салтанатпен атап өтті. Дәл сол күндерге дөп келмесек те, «ештен де кеш жақсы» деген көңіл-күймен біз Астанаға қарай жол тарттық. Ондағы мақсат – мерейтойдың табын сезіну, яғни Астананың бүгінгі кескіл-келбетіне тағы бір қайтара зер салу, еліміздің кіндігі болып отырған Арқа өңірінің жай-күйін білу және аз да болса да сол аймақтың ауасымен тыныстап қайту еді.
Небәрі екі сағатқа жетер-жетпес мезетте, былайша әрлеп айтсақ, көзді ашып-жұмғанша Талдықорғаннан Астана әуежайына түстік. Бізді ежелден аралас-құралас болып, сыйласып жүретін, ішкі істер органында ұзақ жылдар тиянақты қызмет істеген, бүгінде «Халықаралық полиция қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Президенті, полиция полковнигі, замандасымыз Марат Нұрғалиев қарсы алып, жас та болса да бас қала, әсем қала, ару қала атанып, жасампаздықтың жарқын көрінісіндей болған Елордаға қарай бастап кетті. Осы тұста айта кетуіміз керек, Марат осы өңірдің төл тумасы. Абырой-беделімен көрініп келе жатқан азамат. Әкесі марқұм Қабдылхамит Нұрғалиев аға да кезінде ұзақ жылдар Ақмола, Көкшетау облыстарында Мемлекеттік қауіпсіздік органдарында басшы қызмет атқарған, оқығаны мен көңілге түйгені мол азамат еді. Осы өңірге жол түскен кезде ағаға сәлем беріп, дастарқанынан дәм тата отырып, талай-талай тартымды әңгіме-лерін де тыңдағанмын. «Тектіден текті туады» дегендей, сол ағаның ізгі қа-сиеттері ұрпағына да дарыған секілді. Үлкен ұлы Болат Нұрғалиев талай жыл Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі болса, зейнеткерлікке шығар алдында Оңтүстік Корей Республикасындағы елшілікте қалтқысыз қызмет істеді. Ал, бізге жолбасшы болып келе жатқан Марат сол Болаттың інісі. Ұшақтан түсісімен бүгінгі заманауи үлгіде салынған әсем әуежайды біраз тамашалап, кідіріп қалған бізді Марат:
– Бұдан да тамашалар әлі алда, – дегендей ишарат білдіріп, бізді Астанаға қарай бастап кетті. Жол-жөнекей жол бойына зер салып келемін, осыдан бұрынғы үш-төрт жылдағыдай емес, жағалау жасыл желекпен едәуір көм-керіліп қалыпты.
– Бұл Елбасымыз – Нұрсұлтан Әбіш-ұлының ерекше жан сүйсінтер, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалар аса елеулі істерінің бірі, – дейді Марат та біздің едәуір бой көтеріп қалған жасыл же-лектерге сүйсініп отырғанымызды аңғарып.
– Мәке, «әкеден мал қалғанша, тал қалсын» деген емес пе?
– Талмен қоса малдың да қалғаны жаман болмас.
– Әрине, – дедім мен де Мараттың пайымына қосылып.
– Сіздердің Жетісудай болмаса да, Астананың айналасы да, іші де көгалданып, жайнап келеді. Әсіресе, 20 жылдық мерейтой кезіндегі көрініске сүйсінбеген жан жоқ. «Нағыз гүлзарға бөленген ару қала дегеніміз осындай болар», – деп аса риза болды. Жасыл желектер мен гүлзарлар жылдан-жылға қанатын жая түсуде. Соңғы он жыл шамасында мыңдаған гектар алқапқа шырша, қарағаш, ақ қайың және басқа да суыққа төзімді жеміс ағаштарының да сан түрлі көшеттері отырғызылды. Қамқорлыққа ерекше бөлінгендіктен болар, жасыл желектер жылдан-жылға бой көтеріп жайқалып өсіп келеді. Бірер күннен кейін қаладан сыртқа шыққанда оны өз көздеріңізбен көретін боласыздар.
– Мәке, ұмытпасаңыз, біз оның біразын Сізбен бірге көрген сияқтымыз. Есіңізде болар, осыдан үш-төрт жыл бұрын өзіңіз бізді Бурабайға бастап барғанда жол-жөнекей оң қапталдағы жүздеген гектарды алып жатқан ну орманға сүйсінген едік қой. Бұл да Елбасының бастауымен отырғызылған жасыл желек деген едіңіз. «Осы жасыл желек болашақта Бурабай орманымен ұштасады», – деп Елбасының өзі де теледидардан сан мәрте айтқанын мен жақсы білемін. Сонымен қатар Нұрсұлтан Әбішұлының қатысуымен Астана аймағына өсірілген ну орманға дала еркесі – елік пен тоғай көркі – қырғауылдың және басқа да аң-құстардың алғашқы тобы жіберілгенін де теледидардан көріп, жанымыз сүйсінген еді.
– Бұл еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген шамалы ғана мезеттегі және Астананың Арқа төсіне қоныстанғанына небәрі 20 жыл ішінде қолға алынған өте ауқымды істердің бір шоғыры, – дейді жол бастаушымыз да ризашылық сезіммен. – Астананың айналасын жасыл желекпен көмкеріп, белдеу жасаудың басты ұтымдылығы, біріншіден, Астананы Сарыарқаның жиі соғатын өкпек желінен қорғау болса, екіншіден, Елорданың ауасын тазарту. Бұрынғыдай шаң-тозаң қалаға онша кіре қоймайды. Дегенмен, қанша қымтанғаныңбен Арқаның алай-дүлей желі мен бұрқасынды бораны кейде бір сілкіп тастайтынын да жасыра алмаймыз. Бұл – осы өңірдің пешенесіне жазылған өзіндік қолтаңбасы. Табиғат өктемдігі деген осы.
Астананы көмкерген ну орман алқабы осыдан 2-3 жыл бұрын 70 мың гектарды алып жатыр деген мағлұматты естіген едім, ал бүгінде оның аумағы едәуір ұлғайғаны сөзсіз. Сол орманға сүйсіне жүріп, қала шетіне де қадам бастық. Сонау тоқсаныншы жылдары әуежайдан Астанаға жан-жағын қамыс көмкерген жолмен келетін едік. Қаланың да кейбір тұстарында қамыс өсіп тұратын. Оның үстіне «сырттан» келгендерді біле ме, баданадай сары масасы да ызыңдап, реті келсе бір шұқып алғысы келіп маза бермейтін. Бүгінде сол құбылыс түбегейлі өзгерген. Ызыңдаған маса да, қаулай өскен қамыс та онша байқалмайды.
Қалаға таяған сәтте кіре берістегі жол айрығына орнатылған зәулім монумент сізді қарсы алғандай болады. Бұл «Астана Жұлдызы» монументі екендігінен де сырттай хабардар болатынбыз. Кезінде, анығырақ айтсақ, 2007 жылы Елбасының тікелей бақылауымен жобаланып тұрғызылған ескерткіш.
Сағым кілкіген қазақтың даласын құйрық-жалы төгілген арғымақтарсыз елестету қиын. Берекесі де, сәулеті де асқан елге айналуымызға жылқы малының қосқан үлесі шексіз.
«Астана Жұлдызы» монументі – халқымыздың келешекке деген зор сенімнің символы. Еңселі монумент үш бөлімнен тұрады екен. Қоладан құйылған тұғырға орнатылған жүген-құрық тимегендей әсер қалдыратын алтын қанатты үш тұлпар енді-енді көкке ұшқалы тұрғандай, еліміздің болашаққа деген қазіргі ұмтылысын аңғартқандай.
Екінші бөлім – жан-жағын гүл көмкерген биік тұғырға орнатылған үш қырлы биік стелла. Стелланы көріп, оның айналасындағы құлыптастарды байқаған адам тарихымыздың тым әріде жатқандығын аңғарады. Оның ұшар басындағы енінің аумағы 8 метр болатын 14 сәулесі төрт құбылаға шашыраған алтынмен апталған жұлдыздай болып көрінеді. Аспан әлемінің бейнесі іспетті бұл монументті Президентіміздің не себепті «Астана Жұлдызы» атағандығын осыдан-ақ айқын аңғаруға болады.
Осы бір символикалық негізде тұрғызылған еңселі де өте әдемі монументтің авторлары Түркістан өңірінде өмірге келген сәулетші Саматбек Бөкебай мен мүсінші Асқар Нарытов екенінен де хабардармыз. Саматбектің тағы бір елеулі еңбегі – Астананың дәл ортасындағы халқымыздың сан ғасырлық тағдыр-талайын, тарихын бейнелейтін, асқақ рухы мен мәрттігін паш ететін «Қазақ елі» монументі.
Сәл төменіректе жолдың сол қапталында қаз-қатар салынған спорт кешендері де назарыңызды бірден өзіне аударады. Төбесі ашылып-жабылып тұратын «Астана Арена» стадионы, «Алау» мұз айдыны, «Сарыарқа» велотрегі еңселі де көрікті-ақ.
Астанаға бойлап ене берген сәтте ең алдымен «Ақорда» Президент резиденциясы Сіздің назарыңызға түседі. Одан әрмен алып «Бәйтерек» монументіне зер саласыз. Оның айналасындағы гүлзарлары, су бұрқақтары түрлі нақыштармен әрлендіре салынған, бірінен-бірі өтетін зәулім де сәулетті ғимараттар Астананы ару қала, әсем қалаға айналдырып, көңілге қуаныш, бойға қуат ұялатқандай болады. Көре берсең, айта берсең, Елорданың бүгінгі кескін-келбеті жан сүйсіндіреді. Небәрі 20 жылдың ішінде Сарыарқа төсінде осындай сәулетіне дәулеті сай алып қала орнайды деп кім ойлаған. Адам ғұмыры үшін 20 жыл біраз кезең болғанымен, тарих үшін қас-қағым сәт екені сөзсіз. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Көк байрағымызды көкке желбіреткен сәттен бастап Елбасының сарабдал саясаты, іскер басшылығы, халқымыздың берік ынтымақ-бірлігі, қажыр-қайратқа толы белсенді еңбегі негізінде осындай дәрежеге қол жеткіздік.
– Маған Астананың қай тұсы болмасын жаныма жақын, көңіліме өте ыстық көрінеді, – деген еді Елбасы Астананың 20 жылдық мерейтойына орай журналистерге берген сұқбатында.
Енді бірде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Астана келбеті – ұлт келбеті. Жаңа Астана – ежелгі қазақ жерінің төрі. Сондықтан, тарихымыздың жалғасы, өміршең істеріміздің арнасы бұдан былай да жаңа Астанада жалғасын таба беруі тиіс», – деген еді.
Иә, Астананың гүлденуі – кеңбайтақ Отанымыздың гүлденуі. Мұның өзі қазақ елінің жаһандану бағытына түсіп, өркениетті елдермен иық теңестіргендігінің белгісі. Демек, бас қаламыздың дамуын – ынтымағы жарасқан көпұлтты қазақ елінің дамуы деп ұғамыз.
Дауылбай ДОСЫМБЕКОВ,
Ескелді ауданының Құрметті азаматы.