БАС ЖҮЛДЕНІ ҚАНЖЫҒАЛАДЫ

Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні қарсаңында, ақынның өлеңдеріне жазылған әндеріне әншілер арасында жыл сайын байқау ұйымдастырады.
ХІІІ облыстық «Жырлайды жүрек» байқауында жоғары деңгейде көрсеткен өнері үшін ауданымыздың өнерпаздары Данияр Кемелбаевтың жетекшілік етуімен мәдениет саласының жас мамандары Д.Асылбеков, М.Оспанов, Р.Жадайханов, Ұ.Бақтияр, А.Әмірқұлованың қатысуымен құралған «Бастау» тобы бас жүлдені жеңіп алған болатын.
Аптаның басы дүйсенбіде аудан басшысы Рауан Рақымбеков жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, алған марапаттарын салтанатты түрде табыстады.
Өнердің өрісін кеңейтуге күш-жігерін сарп етіп жүрген таланттыларымыз алдағы уақытта әлі талай додадан жүлдегер атанып, ауданымыздың атын асқақтата берсін деген тілектеміз.
А. ОРАЛБЕКОВА.