ҚАРАСАЗДАН ЖҮЛДЕЛІ ОРАЛДЫ

2020 жылдың 31 қаңтар күні Алматы облыстық халық шығармашылығы орталығында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне жазылған әндерден XIII «Жырлайды жүрек» облыстық ән байқауының онлайн іріктеу кезеңі өтті.
Оған 17 аудан, 3 қаладан барлығы 40 үміткер қатысып, іріктеліп алынған 18 үміткер ішінен ауданымыздан Данияр Кемелбаевтың жетекшілік етуімен мәдениет саласының жас мамандары Д.Асылбеков, М.Оспанов, Р.Жадайханов, Ұ.Бақтияр, А.Әмірқұлованың қатысуымен құрылған «Бастау» тобы облыстық байқауға жолдама алды. Олар 5 ақпан күні Райымбек ауданының, Қарасаз ауылдық Мәдениет үйінде өткен әншілер байқауына қатысып, эстрадалық ән номинациясы бойынша М.Мақатаевтың сөзіне жазылған Думан Сатыбалдының «Алдынан терезеңнің жүріп өттім» әнін орындады. Байқауда жоғары деңгейде көрсеткен өнері үшін Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының БАС ЖҮЛДЕ Дипломымен және 75 000 теңгенің сертификатымен марапатталды.
Еске сала кетсек, жыл сайын өткізіліп отыратын осы байқауда 2014 жылы аудандық Мәдениет үйінің «Жігіттер» вокалдық тобы бас жүлдеге ие болса, ақынның өлеңдерінен 2018 жылғы жарыста «Самғау» тобы да бас жүлдені қанжығалаған болатын. Ақиық ақынның әндерін насихаттап, жыл сайын осындай байқау ұйымдастырып отырған Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығына алғыс білдіреміз.
Еліміздің жарқын болашағы болып саналатын өнерлі жастарымызға алар асу, шығар белестерің көп болсын деген ниетпен шығармашылық табыстар тілейміз.
Ардақ КӨМЕКОВА,
аудандық Мәдениет үйінің әдіскері.